13 шіл, 2023 сағат 19:07

«ҚазМұнайГаз» басшысы мен Энергетика вице-министріне сөгіс жарияланады

Коллаж: Halyq Uni

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовке сөгіс жарияланады. Бұл туралы Мемлекет басшысының қабылдауында болған Премьер-Министр Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Смайыловтың айтуынша, батыс өңірінің энергетика жүйесінің жай-күйіне жасалған ауқымды талдау нәтижесінде энергетика кәсіпорындарының жұмысында бірқатар кемшілік жіберілгені анықталған. Бұдан бөлек Энергетика министрлігінің, «KEGOC» АҚ, «МАЭК» ЖШС және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жұмысында олқылықтар бар екені мәлім болған.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке мұнай өңдеу зауытының қауіпсіз және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету шараларын уақтылы жүзеге асырмағаны үшін сөгіс беріледі.

Бұдан бөлек, батыс энергия торабының қауіпсіздігіне тиісті деңгейде бақылау жасамағаны үшін Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовке сөгіс жариялау жөнінде шешім қабылданды.

Сондай-ақ «МАЭК» ЖШС, АМӨЗ, «KEGOC» АҚ басшылары мен лауазымды тұлғаларына қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылады» - делінген Ақорданың ресми сайтындағы ақпаратта.

Үкімет келешекте мұндай дағдарыс жағдайларына жол бермеу үшін Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына жаңғырту және күрделі жөндеу жүргізу, батыс энергетикалық аймағын күшейту, Атырау мұнай өңдеу зауытын сыртқы электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету және сол жерде өзін-өзі энергиямен қамтамасыз ететін станса салу, батыс аймағын Қазақстанның бірыңғай электрэнергетикалық жүйесіне қосу жұмыстарын және басқа да бірқатар шұғыл және жүйелі шараларды жүзеге асырады.