16 қар, 2022 сағат 13:29

"ҚазМұнайГаз" акцияларынан қанша пайда табуға болады?

© Sputnik / Владислав Воднев

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиев халыққа сатылатын акциялардың табысы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазіргі жоспарға сәйкес, институционалды инвесторлар, яғни заңды тұлғалардан өтініш 30 қарашаға дейін, ал жеке тұлғалардан 2 желтоқсанға дейін қабылданады. Одан кейін арнайы комиссия кімге және қанша акция берілетінін анықтайды. Тәртіп бойынша сатуға шығарылатын акциялар алдымен жеке тұлғалар арасында таратылады. Одан кейін ғана ірі заңды тұлғаларға сатылады.

"Ал акциялар қаншалықты табысты болады деген мәселеге келсек, біз алдымен қаржылық консультанттарымызға – бірнеше банкке сүйеніп отырмыз. Олардың болжамына сәйкес, қысқа мерзімді преспективада акциялардың өсімі 30-50 процентті құрайды", - деді Мырзағалиев астанада өткен брифингте.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының қызметкерлеріне шектеу қойылмайды. Олар да жеке тұлғалар болып саналады. Сондықтан сауда-саттыққа емін-еркін қатыса береді.

"Жыл соңына дейін акциялар әрбір инвестордың қалтасына түседі. Ал дивидендтер жыл сайын төленеді, әрбір жылдың қорытындысы бірінші тоқсанның соңына дейін, яғни 31 наурызға дейін шығарылады, содан кейін төлем жасалады", - деп түйіндеді Мырзағалиев.

Айта кетері, "ҚазМұнайГаз" компаниясына тиесілі акциялардың 5 проценті, яғни 30 505 974 акция биржа арқылы сатылады. Бір акцияның бағасы – 8,4 мың теңге.