04 қыр, 2020 сағат 10:07

Қазіргі кезең – өзгерістер мен іргелі ізденістер кезеңі - Сағынтаев

Қазіргі кезең – өзгерістер мен серпілістер, іргелі ізденістер кезеңі. Кез келген ұлтқа ұдайы жаңарып, жаңғырып отыру тән. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен жиын барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін біздің әңгімеміздің ұлт руханиятынан, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды дұрыс тәрбиелеу мәселесінен басталғаны өте орынды», - деді әкім.

Қала басшысы Алматының зиялылары қазіргі кезеңде рухани дамудың жаңа парадигмасын қалыптастыруда өте ұқыпты әрі елеулі жұмысты қалай дұрыс құру туралы өз пайымдауымен бөлісетініне сенім білдірді.

«Жолдауда Мемлекет басшысы «қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру» деп қашан да ел айнасының өлшемі, бағыт-бағдары болып табылатын зиялы қауымның міндетін тайға таңба басқандай анық көрсеткен. 

Шынында да, әлемнің өзгергенін көріп отырмыз. Қазіргі кезең – өзгерістер мен серпілістер, іргелі ізденістер кезеңі. Кез келген ұлтқа ұдайы жаңарып, жаңғырып отыру тән«,- деді ол.

Алматы әкімдігінің пандемиядан түйгені – бұл ұлттың жаңа сапасы, оның бәсекеге қабілеттілігі мен интеллектуалдық әлеуеті, ең алдымен:

- денсаулық сақтау жүйесіне;

- білім беру жүйесіне;

- ауқымды цифрландыру арқылы инновацияға ашықтыққа;

- ұлттың уақыт талабына бейімделу қабілетіне және өткені, бүгінгісі мен болашағы үшін өзінің жоғары жауапкершілігін түсінуіне байланысты.

«Бұл жұмыс үшін негіз бар. Оның негізі Елбасының 5 институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі Ұлт жоспарында, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасында қаланды. Біріншіден, Алматы үшін қала тұрғындарының денсаулығын сақтау мәселесі өте маңызды, өйткені мемлекет пен қоғамның басқа да маңызды факторлары денсаулық пен өмір сапасына тікелей байланысты. Мұны пандемия айқын көрсетті. Бүгінде індет толқынын ауыздықтағаннан кейін жағдай тұрақталды. Ауру жұқтыру қарқыны да, ауқымы да төмендеді. Бұл бүкіл мемлекеттің үлкен жұмысының нәтижесі. Біз қалада пандемияның күзде қайта басталуына дайынбыз. Жағдай маусымдық тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекция ауруынан ушығуы ықтимал. Жалпы, Алматыда денсаулық сақтау жүйесін қолдауға және індетпен күресуге 68 млрд теңге бөлдік. Бұл қаражат қосымша инфекциялық және провизорлық стационарларды ұйымдастыруға, дәрі-дәрмектермен, медициналық жабдықтармен және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етуге, медицина қызметкерлерін жатын орынмен, ыстық тамақпен қамтамасыз етуге және оларға үстемеақылар мен өтемақылар төлеуге жұмсалды», - деді әкім.

Оның айтуына, ұлттың жаңа сапасы, жаһандық сынақтар кезеңінен шығу серпілісі, халықтың рухани және дүниетанымдық денсаулығы білім беру жүйесінсіз мүмкін емес.

«Алматыда біз ауқымды цифрландыруға көше бастадық. Қаланың барлық оқушыларын онлайн қашықтан оқыту үшін жалпықалалық «Сфера» платформасы құрылды. Оқушыларға арналған жаңа цифрлық білім беру контенті дайындалды. Оқытушылар құрамы оқудан өтті. 

Сонымен қатар, барлық балаларға, ең алдымен аз қамтылған отбасыларға қажетті ноутбук мен планшеттер сатып алынды.

Біз жастардың инновацияларға ашықтығын қалыптастыруға баса назар аударамыз. Арнайы цифрландыру басқармасын құрдық. 2025 жылға дейін цифрландырудың қолданбалы стратегиясы әзірленді«, - деді Б. Сағынтаев.