- ҚР Бас прокурор Жақып Асанов қолға алынған бастамалардың аяқсыз қалдырмауға уәде беріп отыр, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Соңғы жарты жылдың ішінде біз біраз бастаманы бастаппыз. Осы орайда xалық тарапынан сұрақ туындауы мүмкін. Ол бастамалардың нәтижесі қашан болады? Олар немен бітеді? Менің айтарым, жоқ, біздің бастамаларымыз аяқсыз қалмайды. Жарты жылдың ішінде біз 40-тан астам жобаны қолға алдық. Әрине, одан да көп болуы мүмкін. Бірақ бізге өте қатты кедергі жасап отырған бір мәселе бар. Ол мынау күнделікті жұмыс, сол бюрократиямен, қағазбасты шаруамен, жалпы адамға да, мемлекетке де түк қажеті жоқ жұмыспен біз қазір күресіп жатырмыз. Сондықтан нәтиже болады», - деді Ж.Асанов кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мәселелеріне арналған жиында.
Оның айтуынша, бүгінде Бас прокуратураның бастамасымен қолға алынған әрбір жобаға белгілі бір маман жауап береді. Сондай-ақ әр бастама бойынша жоспар бар. Ж.Асанов атқарылып жатқан шаралардың нәтижесін үнемі жариялап отыруға уәде берді.