Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған үкіметтік комиссия Қордай ауданындағы оқиғаның салдарын жою жұмыстарын жүргізіп, Жамбыл облысы аумағындағы қақтығыстың себебін анықтап жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Үкіметтік комиссияны Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев басқарады.
Еске салсақ, 7 ақпанда Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында топтасқан сипаттағы төбелес болған еді. Оқиғаның салдарынан 80-нен астам адам медициналық мекемелерге жүгініп, 10 адам көз жұмған. Қазіргі таңда жансақтау бөлімінде 7 адам жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, қақтығыс кезінде 30-дан астам жеке үй, 15 сауда нысаны мен 23 автокөлік зақымдалған. Тәртіпсіздік кезінде полиция қызметкерлері де оқтан жарақат алған. Жамбыл облысы ІІД тергеу бөлімі ҚР ҚК 293-бабы (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
8 ақпанда Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де болған оқиғаға түсініктеме берді. «Жамбыл облысындағы тәртіпсіздікке кінәлі адамдар жазаланады» деп жазды Мемлекет басшысы.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, 8 ақпанда түстен кейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев басқаратын Қордай ауданындағы оқиғалардың салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия Жамбыл облысына келіп жеткен.
Комиссия құрамына Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Ш.Хахазов және «Қазақстан дүнгендері қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Войнце кірген. Сонымен қатар комиссия құрамында қаржы, индустрия және инфрақұрылымды даму бірінші вице-министрлері, ақпарат және қоғамдық даму, ұлттық экономика, денсаулық сақтау, білім және ғылым вице-министрлері, ішкі істер министрінің, Бас прокурордың орынбасары және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы енген.
«Қордай ауылында вице-премьер ауруханаға барып, төбелес кезінде зардап шеккен тұрғындармен сөйлесті, - деп хабарлады аймақ басшысының баспасөз қызметінен. - Бес пациент жедел жәрдем көлігімен Алматы қаласына, бір науқас Тараз қалалық ауруханасына жеткізілді. Барлығына қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Содан кейін Сортөбе ауылының Мәдениет үйінде комиссия мүшелерінің ақсақалдармен кездесуі өтті».
Қордай ауданының Масанчи, Сортөбе, Ауқатты және тағы басқа дүнген диаспорасы көп тұрады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қытайдағы көтеріліс кезінде аяусыз жанышталған дүнгендер қыста Тянь-Шаньның қарлы таулары арқылы қазіргі Қазақстан мен Қырғызстан аумағына өтіп кетіп, оларды жергілікті халық құшақ жая күтіп алған.
Сортөбе ауылында Бердібек Сапарбаевпен кездесуге жиналған ақсақалдардың айтуынша, дүнгендер Жамбыл өңірінде 140 жылдан бері тұрып келеді.
«Мұндай қақтығыстар ешқашан болған емес, - деп атап көрсетті олар. - Жастардың біліміне көп көңіл бөліп, жіберілген қателіктерден қорытынды шығару керек».
«Сіздерден, қоғамда беделі бар ақсақал ретінде тұрғындардан жағдайды объективті түрде анықтауға келгенімізді түсіндіруді сұраймыз. Кінәлілер жазаланады. Барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық және басқа да көмек көрсетіледі. Қазір басты мәселе - аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету», - деді жиналғандардың алдында Бердібек Сапарбаев.
Брифингте үкіметтік комиссия мүшелері журналистердің сұрақтарына жауап беріп, ары қарай қандай жұмыстардың атқарылатынын айтып берді. Қордай аймағында үкіметтік комиссия Қордай, Масанчи, Ауқатты, Сортобе елді мекендеріндегі қазіргі жағдаймен танысып, жергілікті тұрғындармен, оқиғадан қаза тапқандардың отбасыларымен бірқатар кездесу өткізеді. Зардап шеккендерге барып, тұрғын үйлерді, әлеуметтік және коммерциялық нысандарды тексереді. Әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық сипаттағы мәселелерді шешу жөніндегі шараларды қабылдайды.
Жамбыл облысының әкімдігімен бірге қаза болғандарды жерлеуді ұйымдастыру, келтірілген залалды бағалау және бүлінген мүлікті қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарылады.
Қордайда өткен баспасөз мәслихаты кезінде Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов атап өткендей, алдын-ала мәліметтер бойынша, оқиғаға мыңға жуық адам қатысқан. Қазіргі уақытта ұсталған 47 адам Қордай аудандық полициясында. Тәртіпсіздік кезінде ұсталған, кейін оқиғаға қатысы жоқтығы анықталғаннан кейін Ауқатты ауылының 44 тұрғыны қамаудан босатылған.
«Түнгі үште қосымша күш келгеннен кейін полиция ұстау шараларын жүргізу мүмкіндігіне ие болды. Таңертең төбелеске қатысқан басты адамдар полицияның келіп жатқанын көріп, кете бастаған. Жағдайды бақылап қалған адамдар құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің назарына ілінген», - деді аймақ басшысы.
Қазіргі уақытта жағдай тұрақты. Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзғандарды анықтап, ұстап жатыр.