02 жел, 2024 сағат 11:43

Қазір жастар Нұрғиса Тілендиевті тани ма: Дінзухра Тілендиева жауап берді


Келер жылы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толады. Аты аңызға айналған дәулескер күйші, дирижер, композиторды қазіргі жастар таный ма? 

ULT.KZ тілшісі бұл сұрақты Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концертте оның қызы, «Отырар сазының» көркемдік жетекшісі және бас дирижері Дінзухра (Динара) Тілендиеваға қойдық. 

«Нұрғиса Тілендиевтің есімі халықтың жадында мәңгі сақтаулы. Мен оған алаңдамаймын. Нұрғиса Тілендиевтің есімі ешқашан ұмытылмайды. Жастарды қазір өнерге тарту керек. Оның жолы - заманауи репертуарларды орындау керек. Бүгінгі концертте өздеріңіз осыған куә болдыңыздар, естідіңіздер», -дейді Дінзухра Тілендиева.  


Дінзухра Тілендиева әкесінің қазақ өнеріндегі орны мен оның шетелдегі танымалдылығы туралы пікір білдіріп, былай деді: 

«Біз шетелге шыққан сайын Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын орындаймыз. Шетелдегі жанкүйерлеріміз қазақ өнерін, Нұрғиса Тілендиевті жақсы біледі», -дейді Дінзухра Тілендиева.


«Отырар сазы шақырады»

29 қарашада композитордың өзі құрған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі Нұрғиса Тілендиевтің туған күнін жоғары деңгейде атап өту мақсатында, Астанадағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының үлкен залында композитордың 100 жылдығына арналған «Отырар сазы шақырады» концертін өткізді.

Айтулы мерекені атап өтудің маңызы зор. Өйткені, қазақтың біртуар азаматы көзінің тірісінде еліміздің өнерінде өшпестей із қалдырған. «Отырар сазы» Астана төрінде композитордың жадын қайта жаңғыртты деуге болады.