«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «мемлекеттік қызметке қазақ тілін жетік білетіндер тағайындалуы керек» деген сөзі көңілге қуаныш ұялатады». Президенттің сұхбатына қатысты СҚО Тілдерді оқыту орталығының әдіскері Ақжарқын Есенова осындай пікір білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатында халықаралық қоғамдастықтың алдында кемшін ұлт ретінде көрінбеу үшін қандай қадамдар жасау керек екендігін тізбектеп берді. Соның ішінде ең бастысы мемлекеттік қызметке қазақ тілін жетік білетіндер тағайындалуы керек, тілге деген қажеттілікті арттырған жөн деуі қуантады», - дейді ол.
Сондай-ақ, Ақжарқын Есенова қазақ тілін білу өмір қажеттілігінен туындаса, әр адам тілді өз еркімен, өз ниетімен жеңіл меңгеретінін, ал мәжбүрлеп оқытса, нәтижесі шамалы болатынын атап өтті.
Одан бөлек әдіскер тіліміздің тұғыры биік болуы үшін қадамдар рет-ретімен жасалуы керегін тілге тиек етті.