06 қаң, 2017 сағат 16:53

«Қазинвестбанкі» АҚ салымшыларының 99,7%-ы өтемақыны толық көлемде алады

- Лицензиясынан айырылған «Қазинвестбанкі» АҚ салымшыларының  99,7%-ы өтемақыны толық көлемде алады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Өтемақының төлену тәртібі туралы Қазақстандық депозиттерді кепілдендіру қоры мамандары айтып берді.

«Салымшылардың 99,7 %-ы,  8292 салымшы заңмен көрсетілген мерзімде өз салымының өтемін алады. Ал қалғаны кепілдендірілген сома шеңберінде алады. 0,3 пайызы дегеніміз салымы кепілдендірілген сомадан, яғни 10-5 млн теңгеден асып кеткен тұлғалар. Мұндай 52 салымшы бар. Олар ең соңынан әрі жетіспейтін соманы тарату комиссиясынан алатын болады», - деді депозиттерді кепілдендіру қорының төрағасы Бақыт Қоғылов.

«Қазинвестбанкінің» уақытша әкімшілігі өз жұмысын бітірген соң тарату комиссиясы құрылып, соның шеңберінде төлем кезегі реттеледі.

Банк салымшыларына жалпы сомасы 768 млн теңге беру тиіс.

Қор басшысы ескерткендей, төлем уақыты сот шешімінен соң белгілі болады. «Сот шешімі күшіне енген соң 14 күн ішінде банк-агентті таңдап, іске кірісеміз», - деді ол.

Төлем салымшы өтінім берген күннен бастап 5 күн ішінде төленуі тиіс. Өз кезегінде, «Казинвестбанкі» АҚ уақытша әкімшілігінің басшысы Джемма Зинуллина лицензиядан айырылған күнде де банк өз міндеттемелерін өтеуі тиіс екендігін атап өтті.

Айта кету керек, ҚР Ұлттық банкі «Қазинвестбанкі» АҚ-ны қаржы нарығында қызмет етуге мүмкіндік беретін лицензиясынан айырған болатын.


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://www.inform.kz/kz/kazinvestbanki-ak-salymshylarynyn-99-7-y-otemakyny-tolyk-kolemde-alady_a2986447