28 тамызда Ташкент әуежайында қажылық жасау үшін Сауд Арабиясына Мұсылмандар діни басқармасының рұқсатынсыз барған 35 азамат ұсталды. Ұсталғандардың бірі Азаттықтың Өзбек қызметіне оларды мемлекеттік қауіпсіздік қызметі өкілдері тоқтатқанын, төлқұжаттарын алып, жеті сағат сұрақ-жауап алған соң босатқанын айтты.
Ташкент әуежайында ұсталғандардың бірінің айтуынша, арнайы қызмет өкілдері одан "қажылыққа кіммен барғанын, қажылар тобына кім жетекшілік еткенін, сапар үшін қанша қаражат төлегенін, ол жақта кіммен кездескенін" сұраған.
"Сұрақ-жауап кезінде олар бізге ташкенттік Даврон есімді сақалды жігітті көрсетіп, "мына жігітке қанша төледіңдер?" деп сұрады. Осы кезде арамызда болған әйелдердің бірі айғайлап сөйлей бастады: "30 жыл бойы қажылыққа бару кезегімді күттім, ақырында кезекке іліне алмадым. Біз ол жақта жаман нәрсе жасаған жоқпыз ғой, қажылық кезінде президенттің саулығы үшін дұға тіледік" деді. Оның сөзінен кейін жағдай сәл жеңілдегендей болды. Бізді ол жақта жеті сағат ұстады, бәріміздің төлқұжаттарымызды алып алды. Сосын төлқұжаттарыңды сұрақ-жауапқа шақырылған кезде милиция бөлімшелерінен аласыңдар деп үйімізге жіберді", - деді ұсталғандардың бірі.
2017 жылы 7 маусымда қабылданған дін істері жөніндегі комитет ережесіне сәйкес, өзбек азаматтарына кіші және үлкен қажылық жасау үшін Меккеге Мұсылмандар діни басқармасының рұқсатынсыз жеке фирмалар арқылы баруына тыйым салынған. Осы ережеге сәйкес, Өзбекстандағы Сауд Арабиясы елшілігі де өзбек азаматтарына діни басқармасының рұқсатынсыз виза беруді тоқтатқан.
Алайда бұл шектеулерге қарамастан соңғы екі жылда өзбек азаматтарының Дубайдағы жеке фирмалардан виза алуға өтініш алып, қажылыққа баруды жалғастырып жатқаны жайлы ара-тұра хабарламалар тараған.
Ташкент әуежайында ұсталғандардың бірі Меккеге Мұсылмандар діни басқармасы арқылы бару өте қымбат екенін, шамамен төрт мың АҚШ доллар тұратынын айтқан.
Өзбекстандағы Мұсылмандар діни басқармасының қажылықпен айналысатын бөлімінің өкілі Саидакмалхон Шакиров әуежайдағы ұстаулар жайлы хабарсыз екенін айтты. Ол жеке фирмалардың көмегімен қажылыққа бару заңсыз екенін ескерткен.
Азаттықтың Өзбек қызметі бас прокуратура мен мемлекеттік қауіпсіздік қызметінен жауап ала алмады.
2017 жылы Өзбекстанда қажылыққа бару бойынша квота саны 40 пайызға артқан яғни, 5200 адамнан - 7200 адамға дейін көбейген. Жаңа ережеге сәйкес, елде кіші және үлкен қажылыққа қайталап баруға тыйым салынған.
Бұған дейін Өзбекстанда Меккеге бару үшін көп азаматтардың жылдар бойы күтетінін жазған едік. Кейбір азаматтар бұл саладағы жемқорлыққа да шағымданған.