25 шіл, 2020 сағат 14:10

«ҚазАвтоЖолдың» атын жамылып, алаяқтық жасайтындар көбейді - министрлік

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жол құрылысы саласындағы алаяқтық фактілеріне байланысты халыққа ескерту жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өкінішке қарай, бүгінгі таңда азаматтар жол-құрылыс саласында жиі алаяқтық құрбаны болып жүр. Өзін «QazAvtoJol» ҰК» АҚ қызметкерімін деп таныстыратын кей адамдар сенімге кіріп, жол құрылысы саласында белгілі бір жұмыстар ұсынады екен. Осыған орай «QazAvtoJol» ҰК« АҚ барша азаматтарды абай болуға шақырады. Ондай адамдар пайда табу үшін компанияның құпия ақпаратын заңсыз қолдануға әрекет етеді. Егер сіз осындай жағдайға тап болсаңыз, www.qazavtojol.kz ресми сайтында «Байланыс» тармағындағы байланыс нөмірлеріне хабарласыңыз» деп ескертеді министрліктен.

Республикалық маңызы бар автожолдардағы барлық құрылыс жұмыстары, хабарландырулар, өтініш беру үлгілері корпоративтік сайтта жарияланған. Сондай-ақ, QazAvtoJol-дың facebook/instagram/telegram әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында қажетті мамандар, техника мен мердігер ұйымдар туралы хабарландырулар күнделікті жаңартылып отырады. 

«Барлық сұрақтар бойынша кез келген уақытта компанияның ресми парақшаларына немесе 1403 нөміріндегі байланыс орталығына хабарласуларыңызға болады. Байланыс орталықтың операторлары республикалық маңызы бар автожолдар туралы барлық сұрақтарға жауап беріп, қажет болса төтенше қызмет және жол полициясымен байланыстырады. Сонымен қатар, egov.kz сайтындағы «Ашық үкімет» бөлімінде ҰК «АҚ «QazAvtoJol» басшысының жеке блогына онлайн режимде хабарласуға да болады» делінген хабарламада.