30 қаз, 2023 сағат 20:11

«ҚазАвтоЖол» басшысы қызметінен кетті

Фото: qaj.kz

«ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев өз шешімімен қызметінен кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

"Құрметті достар, қадірлі әріптестер! Бүгін жеке шешіміме сәйкес "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ Басқарма Төрағасы қызметін аяқтадым. Екі жылға жуық уақыт ішінде әріптестеріммен бірлесе құрылысы ұзаққа созылған жолдарды қолға алып, жобаларды аяқтау үшін аянбай еңбек еттік. 

Үлкен жұмыс атқарылды. Бүгінгі таңда республикалық автожолдар желісінде жұмысы тоқтап тұрған бірде-бір жол жобасы жоқ деп сеніммен айта аламын. Соңғы екі жыл ішінде 7 млн тонна асфальт төселді. Бұл дегеніміз - шамамен 2,5 мың шақырым жол жаңа асфальтпен қамтылды деген сөз. 

Ел аузында жүрген Атырау-Астрахан, Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы, Өнеге-Бисен-Сайхын күре жолдарында жұмыстар қайта басталды. Бұл жолдардың құрылысы аяқталуға жақын. Ақтөбе-Қандыағаш, Үшарал-Достық, Талдықорған-Қалбатау-Өскемен, Қарағанды-Балқаш, Күрті-Бұрылбайтал, Меркі - Бұрылбайтал және т. б. бағыттарда асфальт төселіп, жол қозғалысы ашылды" - деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.

Сондай-ақ Қасымбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бірыңғай автожол компаниясын құру аясында жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

"Жыл сайын материалдық-техникалық база мен арнайы жол техника паркі жаңартылып отырды. Арнайы техника санын 400 бірлікке арттырдық. Бұл жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарының сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

Жасыратыны жоқ, автожол саласы Мемлекет басшысының тарапынан да, тұрғындарымыздың тарапынан да бірнеше рет сынға ұшырады. Жолдың мәселесі бір күнде шешілмейді. Оң өзгеріске қол жеткізу үшін жүйелі түрде жұмыстану керек. Президенттің тапсырмасына сәйкес былтырдан бері саланы реформалау үшін бірқатар шара қабылданып жатыр. Өз тарапымыздан шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, құзыретті органдарға бірқатар ұсыныс жолдадық. 

Жолшының мамандығы кабинетте отырмай, үнемі құрылыс басында болуды талап етеді. Бұл қағиданы сақтадық.

Әріптестеріме, жұмысына адал қараған мердігерлерге және күндіз-түні жолда жүрген әрбір жолшы маманға алғыс айтамын!" - деп түйіндеді экс-төраға.