25 жел, 2018 сағат 06:00

Қазатомпром акцияларының сатылымынан түскен қаражат Ұлттық қорға құйылды

«Самұрық - Қазына» АҚ өзінің міндеттемелерін мерзімінен бұрын өтеу үшін ҚР Ұлттық қорына 161,7 млрд. теңге аударды. Бұл «Қазатомпром» ҰАК» АҚ  15%  акциясын сатқаннан түскен қаржы деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Айта кету керек, 2018 жылдың 13 қарашасында «Қазатомпромның» 15%  акциясы Астана мен Лондонның қор биржаларында сатылды. Осылайша, «Қазатомпром» ҰАК» АҚ халықаралық нарыққа шығарылған алғашқы ұлттық компания болып отыр.  

«Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сәйкес, ҚР Президентінің квазимемлекеттік сектор активтерін жекешелендіруден түскен табысты Ұлттық қорға аудару жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында  «Самұрық - Қазына» АҚ директорлар кеңесі желтоқсан айында қорға берешегін мерзімінен бұрын қайтаруды ұйғарған.

«Бастапқыда 2013 және 2015 жылдары қарыз ақша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін алынған. Сәйкесінше борышты өтеу 2028 бен 2035 жылдарға жоспарланған еді», делінген хабарламада.