26 қар, 2022 сағат 14:47

Өткен айда қазақстандықтар 3 мыңнан астам алтын құйма сатып алған


Қазан айында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 125,66 келі 3 130 алтын құйма сатылды. Бұл туралы Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 25% – 27 596 дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 23 362 дана (22%) және 20 грамдық құйма – 22 555 дана (21%), 100 грамдық құйма – 22 075 дана (20%), ал 50 грамдық құймадан – 12 487 дана (12%). Алтын құймалар Алматы, Астана, Атырау және Қарағанды қалаларында көп сатылады.

Айта кетейік, Ұлттық Банк азаматтарға тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3,67 тоннаға жуық 108 075 алтын құйма сатылған.

Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктері жалпы салмағы 437 келі 17 434 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 16,1%-ы. 

Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінен сатып алып, кері сатуға болады.