Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қоры ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы музейінде «Ұлы даланың аңыздары» топтамасымен шыққан жаңа комикстердің тұсаукесерін өткізді, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еңлік-Кебек», «Естай-Қорлан», «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», «Жұмбақтас», «Айша бибі», «Шайтанкөл», «Балқаш».
«Ұлы даланың аңыздары» деген атпен шығарылған қазақ комикстерінің жаңа топтамасына қазақ ауыз әдебиетінің осындай туындылары еніпті.
Ұйымдастырушылар комикстер желісімен түсірілген көркем фотосуреттер көрмесін де ұсынды.
«Жоба Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында қолға алынған. Бұл жолғы топтамаға қазақ даласындағы жеті лиро-эпостық жыр мен батырлар туралы аңыздарды өзек етіп алдық. Ондағы мақсатымыз –қазақтың төл фольклорын жас буынға заманауи тәсілдермен меңгерту. Мысалы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының 89 бетке созылатын нұсқасы бар. Оны қазіргі блалар оқып отырмайтыны түсінікті. Соны біздің жас ақын-жазушылар қысқаша мазмұнап, ең негізі тұстарынан диалогтар құрап, комикске икемдеп жазып шығады. Суретшілер соның желісімен комикс салады. Әзірге комикс сценариін Досқан Жылқыбаев деген жігіт жазып жүр. Ал суреттерін әуелді Мұрат Ділманов салып бастаған. Қазір оған екі жас суретші қосылды», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев.
Сондай-ақ, ол бір ертегінің комиксі бірден үш тілде берілгенін айтты.
«Ұлы даланы ұлы махаббаты» деген топтамамен қазақ фолклорында кең тараған жеті ғашықтың жырын, «Ұлы даланың батырлары» деген топтамамен Ер Төстік пен Алпамыстан бастап, Кенесарымен түйінделетін 7 батырды бердік. Батырлар топтамасын бертінгі батырларға дейін түгел қамтымақпыз. Одан кейін «Ұлы дала хандары» және «Ұлы даланың арулары» деген топтамаларды жоспарлап отырмыз. Онда Томирис пен Заринадан бастап Әлия, Мәншүктерге дейінгі тұлғалар қамтылады», - дейді Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры.
Комикстің электронды нұсқасы арнайы сайтта тегін ұсынылғанымен, үш тілдегі жинақ кітабы сатылымға шығарылады.
«Бүгін тұсауы кесілсе, ертеңнен бастап кітап дүкендеріне түседі. Шамамыз келгенше балалар кітапханаларына таратамыз. Бұл комикстердің көбі Қазақстанның киелі жерлерімен байланысты. Бір жағынан осы киелі жерлерді насихаттау үшін комикстер желісімен Аягөз, Жұмбақтас, Балқаш сияқты киелі орындарға арнайы барып, көркем фотосуреттер түсіріп қайттық. Жобаны Нұрсұлтан Назарбаев қоры қаржыландырып отыр. Алдағы топтамаларды осы комикстерді сатудан түскен ақшамен шығарсақ деген ой бар. Сондықтан да кітапханаларға жаппай тегін тарата алмаймыз. Тіпті қызыққан адам болса, Qazcomics.kz сайтына кіріп, тегін тамашалай алады», - дейді Азат Шәуеев.