«Əзербайжан қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Көкшетау қалалық филиалының төрағасы Назим Шихалиев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елімізді мекен еткен ой-мақсаты ортақ сан алуан ұлт пен ұлыс өкілдерінің бірі – əзербайжандар.
Əзербайжандықтардың Қазақстанға келу тарихы да əртүрлі. Бірі сонау ХХ ғасырдың басында Қазақстанға жер аударылса, енді бірі - Кеңес одағы кезінде жолдамамен келгендер.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де - Əзербайжанның Масалы ауданы Шатыроба ауылының тумасы 1970 жылдары КСРО Ішкі істер министрлігінің жолдамасымен Қазақстанға қоныс аударған.
Қазіргі кезде оның интернационалды отбасы осында тамырын тереңге жайып, немере сүйіп, бақытты өмір сүріп жатыр.
Ол Қазақстанды өзінің екінші Отаны санайтынын, қазақ халқы – өте мейірбан, меймандос, кішіпейіл екенін айтады.
«Жалпы менің қазақ халқына деген құрметім шексіз. Себебі, қазақ халқы өте мейірбан халық. Жүрегі жомарт, көңілі дархан, кең халық. Еліміз көркейіп, гүлденіп, бір шаңырақта жүздеген ұлт пен ұлыс бір үйдің баласындай тату-тəтті ғұмыр кешудеміз. Осының барлығы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі деп білемін. Облыс орталығында құрылған «Əзірбайжан қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ашылғанына мінекей, биыл он үш жыл толады. Елімізде туған халқымыздың мəдениеті мен төлтума өнерін сақтауға кең өріс бар. Ұлттық би үйірмесі, тіл үйрету сабақтарында өскелең ұрпақ», - деп қосты Назим Шихалиев.
Осы ретте ол қазақтар мен əзербайжандардың арасында көптеген ұқсастықтар барын алға тартты. Наурыз - қос халыққа ортақ ұлық мейрам.
Əзербайжан халқы өздерінің тілімен айтқанда «новрузды» ең сүйікті мереке санайды. Ескі жылдың соңғы сəрсенбісі, яғни, «ахыр чершенбе» күнінен бастап жаңа жыл қамына кіріседі.
Сол күні үй мен ыдыс-аяғын тазалап, қайтыс болған туыстарына дұға етеді.
Ал, жаңа жыл кірген күні ерте тұрып, өзенге немесе бұлақ басына барып, шомылады. Яғни, жаңа жылдың бірінші күнін таза ниетпен, ақ пейілмен қарсы алады.
Сондай-ақ, бұл күні əзербайжандықтар оразасын балмен немесе қантпен ашады. Алдағы өміріміз бал мен шекер сынды тəтті болсын деген ниеттен.
«Мерекенің қуанышымен-ақ өтіп кететін жаңа жылдың алғашқы күнін әзірбайжан халқы да түрлі ас қойылған ақ дастарханмен қарсы алады. Ас мəзірінен «йеди-левин» тағамы да қалыспайды. Бұл тағамның біздің наурыз көжемізге ұқсастығы бар. Оған да жеті түрлі дəм қосылады. Жалпы, біздің дастархан мəзіріміз де ұқсас. Əрдайым көпшілікке ақ дастархан басындағы адал асын ұсынатын қазақтар тəрізді әзербайжан халқының жомарт дастарханы да ұлттық тағамдардың көптігінен қайысып тұрады. Сөз соңында барша замандастарымызды нақышты Наурыз мерекесімен құттықтаймын. «Новруз байрамыныз мубарек олсун! Қазақстан халгы хошбахт олсун!» дегім келеді», - деп түйіндеді «Əзербайжан қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Көкшетау қалалық филиалының төрағасы Назим Шихалиев.