16 мау, 2020 сағат 11:19

Қазақстанның жойғыш ұшақтары күрделі жөндеуден өткізілді

«Қазақстан авиациялық индустриясының» инженерлік-техникалық құрамы Беларусь авиажөндеу зауытының мамандарымен бірлесіп, Су-27 ұшақтарын күрделі жөндеуден өткізді. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Осылайша ұшақтарды Қазақстанның Әскери-Әуе Күштеріне «Қазақстан авиациялық индустриясының» мамандары тапсырып отыр. Жойғыштарды қабылдап, Нұр-Сұлтан қаласындағы аэродромда ұшу сынақтарын өткізуге әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов, әскери әуе күштерінің қолбасшылығы, майдан авиациясының ұшқыштары, сондай-ақ әскери авиация инженерлері қатысты. 

Әскери ұшқыштар жүргізілген жұмысқа оң баға берді. 

«Ұшақтың жердегі және әуе мақсаттарында жоғары дәлдіктегі қаруды қолдану мүмкіндігі зор. Қосымша навигация орнатылған, жоғары дәлдікті қарудың ілу нүктелері ұлғайып, әуе кемесінің жауынгерлік мүмкіндіктері арта түсті», - деді авиациялық эскадрилья командирінің орынбасары майор Руслан Мақадиев.

Жөндеу жұмыстарын «Қазақстан авиациялық индустриясының» инженерлік-техникалық құрамы Беларусь авиажөндеу зауытының мамандарымен бірлесіп жүргізген.

«Қазақстандық авиация индустриясы» - бұл қорғаныс өнеркәсібінің авиациялық кластерін және Қазақстанның өндіріс, техникалық қызмет көрсету және әскери әуе кемелерін жөндеу нарығында бәсекеге қабілеттілігін дамыту мақсатында Қорғаныс министрлігінің бастамасы бойынша құрылған қазіргі заманғы авиациялық кәсіпорын.

Кейінгі екі жыл ішінде Қазақстан аумағында алғаш рет отандық кәсіпорынмен Ан-72 әскери-көлік авиациясының ұшақтарында регламенттік жұмыстар орындалған. Ал қазіргі уақытта Су-25 ұшағының төртеуіне күрделі жөндеу жүргізілуде.