Қазақстанның «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасына әлемнің 16 мемлекеті қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялар орталығының басшысы Рәпіл Жошыбаев мәлімдеді.
«Біздің орталық қызметі «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын қайта жандандырады. Қазақстанның бұл ірі бастамасына әлемнің 16 мемлекеті мен 16 ұйымы қолдау білдірді», - деді Рәпіл Жошыбаев «Қазақстандағы тұрақты қалалық инфрақұрылым: Астанадағы жасыл құрылыс көрсеткіштері» дөңгелек үстелінде.
Сонымен бірге, бағдарламаға жаңа ірі мемлекеттер қосылуы мүмкін.
«Биыл «Жасыл көпір» бағдарламасына көршілес Қытай мен Оңтүстік Корея елдері қосылады. Қазақстандағы ғимараттардың энергия-су тиміділігін арттыру ауа сапасын жақсартып, су ресурстарын сақтаумен қатар, құрылыс саласында жаңа технологияларды қолдануға ықпал етеді. Қазір де біз келісім бекіткен әрбір қаламен жасыл технологияларды дамытудың, қалалық инфрақұрылымға инвестиция тартудың Жол картасын әзірлеп, халықаралық тәжірибелерді зерттеп жатырмыз», - деді Рәпіл Жошыбаев.
Айта кетейік, биыл Қазақстан Нью-Йоркте өтетін БҰҰ саяси форумында тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру бойынша ерікті ұлттық шолуын ұсынады.