Қазақстанның жаңа тарихын жүйелі зерттеу – бізге тарих артып отырған аманат, келер ұрпақ алдындағы парыз. ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына орай осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл – тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Жаһанды тарих үшін қысқа мерзім болса да, отыз жылда «Тәуелсіздік ұрпағын» өсіріп үлгерген Қазақстан үшін бұл қуатты, әрі кемел халық болу міндетін жүктейтін жаңа белеске аттанар межелі кезең.
Осыған орай Егемен Қазақстан газетінде жарық көрген мақаласында Президент тәуелсіз мемлекеттігіміздің тұғыры – жер, тіл, мәдениет пен тарих, ел бірлігі мен құндылық мәселелері төңірегінде ой қозғады.
Жаңа тарихты зерделеу ерекше мемлекет назарында болмақ. Бұл тұрғыда «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылған қажырлы жұмыстың нәтижесін қалың жұртшылыққа, әсіресе жас буынға түсінікті түрде жеткізу халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлесін қосады. Жақын арада Қазақстан телеарналарынан Алтын Орда тарихы, Алаш қайраткерлерінің тағылымы жөнінде көркем және деректі тарихи туындылар мемлекет қолдауымен жарық көретін болады», - деді Зарема Шәукенова.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының айтуынша, мақалада тілге тиек болға тарихымыздың ақтаңдақ беттерін зерттеу, ұлттық мүдде тұрғысынан оларға баға беру халықтың рухани жаңғыруына жаңа серпін бермек.
«Алаш қайраткерлерінің мұрасына, ХХ ғасырдың басында қазақ даласын шарпыған ашаршылыққа, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына ғылыми тұрғыда баға беру, Қазақстанның жаңа тарихын жүйелі зерттеу – бізге тарих артып отырған аманат, келер ұрпақ алдындағы парыз. Бұл бағыттағы жұмыс жас ұрпақтың санасын, ұлттың жадын оятып, қазақтың сан ғасырлы тарихын барша халықаралық қауымдастыққа паш етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік маңызы бар іс», - деді Зарема Шәукенова.
Оның айтуынша, Қазақстанның эко-жүйесіне жанашырлық түптеп келгенде нағыз отаншылдықтың көрінісі.
«Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ата-бабадан мұраға қалған кең байтақ қазақ жерін қастерлеу, шынайы отаншылдық танытып келешек ұрпақ үшін барынша табиғи пәктігін сақтау – барлығымызға ортақ міндет. Мемлекет тарапынан тиісті заңнама мен іс-қимылдар атқарылуда. Десек те, қорықты жерлерге бай Қазақстанның эко-жүйесін баптау – барлығымызға ортақ стратегиялық маңызы бар міндет және түптеп келгенде нағыз отаншылдықтың көрінісі», - деді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
Зарема Шәукенова дәйекті түрде іске асырылуды талап ететін тағы бір шаруа ретінде Президент қандастар көшін жаңғырту қажеттелігін атап өткеніне тоқталды. Халық тығыздығы әркелкі Қазақстан аймақтары үшін бұл еңбек күшін тиісті деңгейде сақтап тұруға, демографиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік беретін ерекше маңызы бар науқан.
«Өз мақаласында Президент еліміздің басты нышандарының бірі мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше тоқталды. Қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларының басылымы ұлғайтылып, балалар аудиториясына арналған шетел авторларының таңдаулы туындылары қазақ тіліне аударылып, осылайша мемлекттік тіл дамуына жаңа серпін беріледі. Осы орайда барша қазақстандықтар да тіл игеру мен оның үйретуде ынтасын таныту қажет.
Бүгінгі күні қазақ тілін оқуға құлшынатын әрбір қазақстандықты қолдау, ол үшін жағымды жағдай жасау өте маңызды. Кез келген тілді үйренуде ортаның маңызы ерекше екендігі бәрімізге мәлім. Қазақ тілін енді ғана меңгеріп келе жатқан отандастарымызға қателер жіберіп алатын жағдайда түсіністікпен қарап, толеранттылық таныту, барынша қазақ тілін оқуға талпындыратын атмосфера құру – бұл әрбіріміздің қолынан келетін және түптеп келгенде қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге жол ашатын кішкентай болса да, маңызды қадам», - деді Зарема Шәукенова.
Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақала жариялады.