2020 жылы Қазақстанның үшінші елдермен тауар айналымы 14 пайызға төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік бюджетке 9 трлн 751 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 102,7 пайыз атқарылды. Республикалық бюджетке 6 трлн 561 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 100,3 пайызға орындалды. Кірістер бойынша жоспар 22 млрд теңгеге артығымен орындалды, оның ішінде салықтар - 16 млрд теңгеге. Салықтар бойынша негізгі асыра орындау сомасы корпоративтік табыс салығына, пайдалы қазбалар өндіруге салынатын салыққа және шикі мұнайға экспорттық кеден баждарына тиесілі», - деді министр
Оның дерегінше, корпоративтік табыс салығы бойынша жоспарды асыра орындау ірі салық төлеушілер төлемдерінің өсуіне байланысты. Пайдалы қазбалар өндіруге салынатын салық бойынша асыра орындаудың негізгі себебі түсті металдарды өндіру көлемінің ұлғаюы болды. Ал шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша асыра орындау экспорттық кеден бажы мөлшерлемесінің бір баррель үшін 20-дан 40 АҚШ долларына дейін өсуіне байланысты.
«Сонымен бірге, жоспар қосылған құн салығы бойынша бойынша 256 млрд теңгеге атқарылмады. Атқарылмау себептері: 2019 жылмен салыстырғанда қосылған құн салығын қайтару 1,5 есеге немесе 236 млрд теңгеге өскен; «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі деректеріне сәйкес сату бойынша айналымдар 14 пайызға азайды. Негізгі төмендеу тау-кен өнеркәсібі саласына тиесілі. Онда айналымдар бұрнағы жылдың 11 айымен салыстырғанда 42 пайызға немесе 8 трлн теңгеге кеміген. 2019 жылмен салыстырғанда Қазақстан Республикасының үшінші елдермен тауар айналымы 14 пайызға төмендеді», - деді Ерұлан Жамаубаев.