Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшісі Дархан Кәлетаев екінші дүниежүзі соғысының ардагері Нұрбай Аманжоловты Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандық дипломат 97 жастағы соғыс ардагеріне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты мен «Барыс» төс белгісін табыстап, оған рухтың сергектігін сақтауды, денсаулық пен ұзақ өмір тіледі.
Жүздесу барысында Н.Аманжолов өзінің әскери ерліктері туралы естеліктерімен және бейбітшілік өмірдегі қызықты оқиғаларымен бөлісті. Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданынан майданға 18 жастағы бозбала болып аттанып, Украина мен Польшаны азат етуге, Сандомир плацдармын бұзуға, Одер өзенінен өтуге, Праганы босатуға қатысқан. Соғыстан кейін Карпат жанындағы әскери округте қызмет етіп, полковник атағымен зейнеткерлікке шықты. I дәрежелі «Отан соғысының қызыл жұлдызы» және I дәрежелі «Богдан Хмельницкий» ордендерімен, сондай-ақ 26 медальмен марапатталған.
Ардагер өзінің саналы өмірін Украинада өткізгеніне қарамастан, өзінің Отаны - Қазақстан Республикасымен тығыз байланысын сақтап қалғанын және Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне деген мемлекет басшылығының қамқорлығын жоғары бағалайтынын атап өтті.