22 мау, 2020 сағат 11:34

Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы шынайы ахуал қандай - сарапшы пікірі

Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы ахуал жақсарып келе жатыр. Мұндай пікірді Қазақстан Риэлторларының біріккен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұзақ уақытқа созылған оқшаулану режимі мен жылжымайтын мүлікпен мәміле жасау мүмкіндігінің болмауы салдарынан елімізде сәуір айында не бәрі 5 211 мәміле ғана жасалды. Бұл рекордтық ең төменгі көрсеткіш. Дегенмен, қазіргі уақытта нотариалды рәсімдеуді, мәмілелерді тіркеуді қоса алғанда барлық саладағы қызмет іс жүзінде қалпына келді десек те болады және мамырда 17 210 мәміле жасалды. Бұл сан ай сайынғы стандартты мәмілелерге қарағанда біршама төмен. Бірақ, бұл мамыр айының алғашқы он күнінде барлығы үйінде болуына байланысты болған жайт», - деді Нина Лукьяненко. 

Оның атап өтуінше, ресми статистикалық мәліметтерге қарағанда, баспананың бір шаршы метріне бағаның аздап қымбаттағаны байқалады. 

«Өсім 1 пайызды құрап отыр. Мұның ешқандай ерекшелігі жоқ. Бұл инвестициялық себептерге байланысты мәмілелердің ұзақ уақыт кейінге шегерілуімен байланысты. Сонымен қатар, жаңа үй салу барысында қолданылатын материалдардың 24-60 пайызы импортталатындығын да қаперге алу қажет. Оның үстіне доллар бағамы өсті. Ал импортталатын материалдар доллармен алынатындықтан құрылыс шығындары да арта түседі. Бұл да бағаға әсерін тигізеді», - деді сарапшы. 

Сонымен қатар ол тұрғын үй нарығындағы жағдайдың өзгеретіндігін атап өте келе, бағаның күрт құлдырауы не өсуі болмайтынын баса айтты.