14 қар, 2020 сағат 11:18

Қазақстанның тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған попурри ән шықты

Келесі жылы Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Халқымыз үшін қасиетті де киелі мерекеге байланысты «Спарта» КТК командасының капитаны Данияр Жұмаділов 1991-2020 жылдар аралығында шырқалған айтулы 30 әнді бір әнге біріктіріп, көптің назарына ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Экрандағы роликте әуелі «Тәуелсіздік алғалы бері музыкалық индустрия бірнеше сатыны басып өтті» деген жазу шығады. Осыдан кейін әртіс 1991-2020 жылдар аралығындағы отандық эстрада жұлдыздарының әндерін шырқай бастайды.

«Қазақстанда 30 жылдың ішінде көптеген оқиға болғанынан хабардарсыздар. Сол жылдардың бәрі де әншілердің әнінде көрініс тауып жатты. Мен 30 әнді бір әнге біріктірдім. Бұл туындыларды менің бала шағымнан ер жеткенге дейін тыңдап өстім. Келесі жылы Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Осы айтулы мерекенің құрметіне мына видеороликті тарту етейін деп шештім. Сіздерге ұнайтынына сенімдімін», - деп жазды Данияр Жұмаділов Instagram парақшасында.

Бұл жоба бойынша шығармашылық топ бірнеше ай бойы жұмыс істепті. Видеороликте тоқсаныншы жылдардан бергі қазақ және орыс тілдерінің әндері біріктірілген. Әндер топтамасының ішінен Роза Рымбаеваның «Қазақ елі», АБК тобының «Тамшылар», Мюзикл тобы мен Батырхан Шүкеновтың «Певица и Саксафон» әнін, Мұрат Насыровтың «Я это ты», сондай-ақ «Құрбым, жан құрбым» секілді ел ішінде тараған әндерді тануға болады.

Видеоролик қазірдің өзінде 145 мың рет қаралған. 1600-ден астам адам өз пікірін қалдырып, әртіске алғыс айтуда.