Фото:elements.envato.com
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, Президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Sputnik Қазақстан агенттігінің жазуынша, заңға сәйкес, енді құқық қорғау органдары судьяларға қысым көрсете алмайды. Судьяларға қатысты арнайы жедел-іздестіру шаралары тек бас прокурордың санкциясымен ғана жүргізіледі.
Бұрын құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғамай-ақ кез келген судьяға қарсы арнайы жедел-іздестіру шараларын жүргізе алатын. Бұл үшін облыс прокурорының санкциясы жеткілікті болатын.
"Сенатта заң жобасын талқылай келе, судьяларға қатысты арнайы жедел-іздестіру шараларын тек бас прокурордың санкция беруімен ғана жүргізу қажет деген тоқтамға келдік. Сондықтан бұл кепілді Конституциялық заң деңгейінде бекіту ұсынылып отыр", - деп түсіндірген еді норманың енгізілуін Сенат депутаты Андрей Лукин.
Депутаттар бұл норма судьялардың тәуелсіздігін нығайтады деген үмітте.
Сонымен қатар аудандық соттың төрағаларын кадр резервіндегі және өз-өзін ұсынған азаматтардың арасынан сайлау тетігі енгізілді. Судьялар қауымдастығы кандидатты өзі ұсына алады.
Бұдан бөлек, қабылданған заңға сәйкес, сенат Жоғарғы соттың судьяларын да баламалы негізде сайлайды. Сенатқа кемінде екі судьяның кандидатурасы ұсынылады.