15 мау, 2023 сағат 13:57

Қазақстанның өрт сөндірушілеріне қанша техника қажет?

© Photo: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев министрліктің материалдық-техникалық жабдықталуы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, бүгінде елді мекендерді өрттен қорғайтын 426 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді.

"Бірақ бұл жеткіліксіз, нормативқа жету үшін әлі 121 өрт сөндіру бөлімін салу керек. Жоспарда бар. Бүгінгі күннің өзінде жол картасы бойынша Қазақстанда 21 өрт сөндіру бекетінің құрылысы жүріп жтыр. Қарап отырсақ, соңғы он жылда 18 нысан ғана салынған. Былтырғы жылдардан бастап осы жұмыстарды күшейте бастадық", - деді Күлшімбаев Сенат отырысында.

Ол ТЖ министрлігінің техникамен жабдықталуы 80 пайызды құрайтынын атап өтті. Қазір 3200 техника бар, әлі 430 техника қажет. Оның ішінде 15 пайызының немес 470 техниканың мерзімі жиырма жылдан асып кеткен.

"Осының бәрін шешу үшін президенттің тікелей тапсырмасымен кешенді жоспар қарастырылған. Бүгінгі күні осы кешенді жоспарға барлық орталық мемлекеттік орган келісімін беріп, қол қою сатысында тұр. Сол бойынша наурыз айында республикалық бюджет комиссиясының отырысында қаралып, 605 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Соның ішінде 536 млрд төтенше жағдайлар министрлігіне, 48 млрд теңге экология министрлігіне, және 20 млрд теңге жергілікті әкімшілік органдарына", - деді вице-министр.

Айтуынша, әуе құтқару жүйесін дамыту үшін соңғы үш жылда 11 тікұшақ сатып алынды. Кешенді жоспар бойынша 2027 жылға дейін 16 тікұшақ алу жоспарланып отыр.

"Кешенді жоспарда әлеуметтік жағдайлар да көзделген. Биыл өрт сөндірушілердің жалақысы жетпіс пайызға дейін көтерілді, жоспар бойынша пәтері жоқ қызметкерлер өтемақы төлеу үшін ақша қарастырылып отыр", - деді Күлшімбаев.