14 ақп, 2022 сағат 15:33

Қазақстанның өңделген тауарлар экспорты 19,8 млрд АҚШ долларына жетті


2021 жылдың қорытындысында Қазақстанның өңделген тауарлар бойынша тауар айналымы 58,1 млрд долларды құрады. Бұл 2020 жылға қарағанда 12 пайызға жоғары, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, елімізден өңделген тауарлар экспорты 2021 жылы 28,3 пайызға өсіп, 19,8 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстаннан экспорттың негізгі өңделген тауарлары мыналар: мыстан жасалған мыс және катодтар, ферроқорытпалар, уран, ыстықтай илектелген легирленбеген болаттан жасалған жазық илек, мұнай өнімдері, күміс, өңделмеген алюминий, өңделмеген мырыш, легірленбеген болаттан жасалған жазық илек. 

2021 жылы Қазақстанға өңделген тауарлар импорты 5,1 пайызға артып, 38,3 млрд АҚШ доллы болды. Елімізге импорттың негізгі тауарлары мыналар: есептеу машиналары, автомобильдерге арналған шанақтар, жеңіл автомобильдер және автомобильдер мен тракторларға арналған қосалқы бөлшектер, телефон аппараттары, бөлшек сауда үшін өлшеп оралған дәрілік заттар. Сондай-ақ вакциналар, қан сарысуы, қан да импортталған. 

2021 жылы Қазақстанның өңделген тауарлар бойынша негізгі сауда әріптестері қатарында Ресей (өңделген тауарлардың екіжақты саудасының жалпы көлемі 19,97 млрд доллар), Қытай (өңделген тауарлардың тауар айналымы шамамен 12,7 млрд доллар) және Өзбекстан (өңделген тауарлармен өзара сауда көлемі 2,6 млрд доллар) бар. 

Ал өңделген тауарлар саудасы бойынша негізгі серіктес елдердің ондығына мына елдер кірді: Түркия, Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Франция, Италия, Оңтүстік Корея, Украина, Нидерланды, Беларусь, Қырғызстан.