ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Елшісі тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
«Қайрат Айтмұхамбетұлы Нұрпейісов Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды», делінген құжатта.
Қайрат Айтмұхамбетұлы 1957 жылғы 21 қыркүйекте Павлодар облысының Шарбақты ауданындағы Галкино ауылында дүниеге келді.
Павлодар педагогикалық институты мен Алматы Халық шаруашылығы институттарын математик және экономист мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Павлодар стансасының локомотив депосында слесарь болудан бастаған.
1982-1988 жылдары Павлодар облысының қаржы және салық органдарында жұмыс істеп, бас экономистен Павлодар облысының салық комитетінің төрағасына дейін көтерілді.
1998-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, ҚР Мемлекеттік Кіріс вице-министрі қызметтерін атқарды. 2003 жылдан бастап Павлодар қаласының әкімі болды. 2008 жылдың қазанынан Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары.
2009 жылдың тамызынан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы. 2012-2013 жылдары ҚР Парламенті Сенатының аппарат басшысы. Соңғы тағайындалуға шейін 2013 жылғы қыркүйек айынан бастап ҚР Парламентіндегі ҚР Президенті өкілдігінің басшысы болды.
«Құрмет» орденінің және бірнеше ҚР медальдерінің иегері.