17 нау, 2021 сағат 13:52

Қазақстанның қандай ұлттық компаниялары IPO-ға шығуды жоспарлап отыр

Мұнай бағасына қатысты жағдай жақсарса, бірқатар ұлттық компания IPO-ға жедел шыға алады.

Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Қазір біз Үкіметте «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ бөлігі болып саналатын қазақстандық ұлттық компанияларды жекешелендіру және IPO-ға шығуын жеделдету мүмкіндіктерін талқылап жатырмыз. «Самұрық-Қазына» «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан Темір Жолы», «Қазатомөнеркәсіп» сияқты компаниялар акцияларының пакеттерін жекешелендіруді 2022-2023 жылдарға жоспарлаған. Бұлай ауыстырудың себептері – жалпы өткен жылдардағы баға конъюнктурасы, сондай-ақ пандемияның жаһандық рецессияға, жаһандық экономиканың дамуына әсері болып отыр.

Бірақ меніңше, мұнай бағасының жағдайы биыл оң болжанса (орташа бағасы барреліне шамамен 65 доллар), бұл процестер жеделдеуі мүмкін. Бірақ әзірге бұл 2022-2023 жылдарға жоспарланған», - деді Қайрат Келімбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Спикердің айтуынша, 2021 жылы Қазақстанның кейбір жеке компаниялары акцияларын АХҚО биржасы алаңында орналастыруды жалғастырады деп күтілуде.