Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Біріккен Ұлттар ұйымының Нью-Йорк қаласында өткен биоалуантүрлілік туралы саммитінде сөз сөйледі.
«Тұрақты даму мақсатындағы биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған шұғыл шаралар» деп аталған жиын БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутеррештің басшылығымен өтті, деп хабарлайды ECO NEWS каналы.
Жиында бірқатар мемлекет басшылары, Үкімет басшылары мен мүшелері мәлімдеме жасады.
Мағзұм Мырзағалиев теңізге тікелей шыға алмайтын дамушы елдер атынан сөйледі. Өз үндеуінде ол коронавирус пандемиясы адамзат баласы мен табиғат арасындағы тығыз байланыстың маңызды екенін тағы бір еске салды.
«Халықтың өмірін қамтамасыз ету үшін теңізге тікелей шыға алмайтын елдер тобы биоалуантүрлілікке қатысты шараларды қабылдауды тездетуге шақырады. Біз жаһандық негіздемелік бағдарламаға қатысты 2020 жылдан кейінгі кезеңге арналған шаралардың жоғары дәрежеде қабылдануының маңыздылығын жеткізгіміз келеді. Негіздемелік бағдарлама теңізге тікелей шыға алмайтын елдердің биоалуантүрлілік саласындағы қажеттіліктерін өтеуі тиіс», - деді министр Саммиттегі сөзінде.
М.Мырзағалиев биоалуантүрлілікті сақтау Қазақстанның ең маңызды ұлттық мүдделерінің бірі екенін айтты.
«Біздің еліміз биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі Конвенцияның жақтаушысы. Алдағы қадамымыз – 2030 жылға дейінгі биологиялық алуантүрлілікті сақтау және тұрақты қолдану Концепциясын қабылдау. Қазақстан Үкіметі тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру үшін орман қорын қорғау және жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Ерекше қорғалатын аумақтар кеңейіп жатыр. Жануарлардың миграциясы үшін экологиялық дәліздер жасалуда», - деді ол.
Сонымен бірге М.Мырзағалиев қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаевтың тапсырмасымен экологиялық ахуалды жақсарту үшін орман қорында 2 млрд, елді-мекендерде 15 млн ағаш отырғызылатынын жеткізді.
Айта кетейік, БҰҰ-ның бұл саммитінде адамзат биоалуантүрлілік деградациясы әсерінен бастан кешіп жатқан дағдарыс талқыланды. Мемлекеттер көшбасшылары мен өкілдері 2020 жылдан кейінгі кезеңде биоалуантүрлілікті сақтау бойынша жасалатын жаһандық бағдарламаға қатысты пікірлерін білдірді. Аталған бағдарлама 2021 жылы өтетін биоалуантүрлілік туралы тараптар Конвенциясының 15-ші Конференциясында қабылданады.
Онлайн режимде өтіп жатқан саммитті http://webtv.un.org сілтемесі бойынша көруге болады.