Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов латын қарпінің енгізілу кезеңдері туралы айтып берді.
«Біріккен ұлттар ұйымында 6 тіл бар. Олар: испан, француз, ағылшын, орыс, қытай, араб тілдері. Сондағы үш тіл латын әліпбиінде жұмыс жүргізеді. Осыған қарап, латын жазуының әлемдік аренадағы орнын бағамдауға болады», - дейді ол.
Ғалымжан Мелдешовтің айтуынша, бұл жазу бізге таңсық емес, өткен ғасырдың 30-жылдары қазақ халқы латын жазуында оқып-жазды. Қазір де бірқатар мекемелер латын қарпін пайдаланып жүр.
«ҚР ІІМ ТЖ комитеті өз хабарламаларын латын жазуымен таратады. Банктер (Қазком, Қазақ банкі) латын қарпіне көшті. Байқасаңыз, Корея, Жапония елдері өз тілдерін, өз жазуларын пайдаланады. Дегенмен, ондағы танымал брендтер әлемдік стандартқа сай латын жазуын қолдануда», - деп атап өтті Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары.
Елбасы 2025 жылы латын әліпбиіне толық көшеміз, тұтас ел мемлекеттік тілде сөйлейді деген ойды айтты. Ғ. Мелдешовтің пікірінше, бұл тектен-тек айтыла салған жоқ. 2018 жылға дейін қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай нұсқасы қабылданады. Одан кейін жаңа әліпби үйрететін мамандар мен оқулықтар дайындалады. Одан кейінгі жеті жыл аз уақыт емес, жеті жылда латын жазуының негізі қаланады.
«Тілдерді дамыту комитетімен бірге, латын әліпбиін енгізуге еліміздегі бірқатар мекемелері атсалысады. Атап айтқанда, А.Байтұрсынов атындағы тіл институты, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді оқыту әдістемелік орталығы және өңірлердегі мемлекеттік тілді және этнос тілдерін оқытатын 88 орталық. Сол мекемелер арқылы жаңа әліпбидің бірегей нұсқасы бекітіліп, іргесі қаланып, оқу орталықтарына таралады», - деді ол.