Әзербайжан астанасы Баку қаласында әлемдік дін лидерлерінің саммиті өтіп жатыр. Екінші рет ұйымдастырылған халықаралық жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз бастаған делегация қатысуда, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ашқан саммитте жаһандық әлемде мәдениетаралық диалогты нығайту, дін лидерлері терроризмге, агрессияға, исламофобияға қарсы, әйел, бала, жастар құқығын қорғау, әлемдік діни татулықты нығайтуда дін қайраткерлерінің рөлі сынды тақырып бойынша мәселелер талқылануда.
«Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы сапар аясында Кавказ мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, шейх Аллашүкір Пашазадемен, Түркия дін істері басқармасының төрағасы Әли Ербашпен, Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, шейх Равиль Ғайнутдинмен, Ресей Орталық мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Талғат Тәжуитдинмен, Өзбекстан мүфтиі Османхан Әлімовпен, Қырғызстан мүфтиі Мақсатбек қажы Тоқтомушовпен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық, өзара келісім, ортақ мақсаттарды жүзеге асыру туралы пікір алмасты» деп атап өтеді басқармадан.
Айта кетейік, Бакудегі халықаралық саммитке әлемнің 70 елінен келген дін лидерлері, халықаралық ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері қатысуда. Саммит соңында Баку декларациясы қабылданбақ.