ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Ұлттық сараптама орталығы» республиканың барлық аймағында қоршаған ортадағы гамма-фонның жағдайына мониторинг жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, 2019 жылғы 22 тамыздағы жағдай бойынша, қоршаған ортадағы радиациялық фон тұрақты. Табиғи гамма-фонның артуы, сондай-ақ атмосфералық ауа мен жауын-шашын сынамаларында радиоактивті ластану тіркелмеген. Гамма-сәулелену дозасының қуат деңгейі - сағатына 0,05-0,19 микрозиверт (мкЗв/сағ) шегінде. Иондаушы сәулелену нормасы - 0,30 мкЗв/сағ.
Атмосфераның жерге жақын қабатының радиоактивті ластануына мониторинг жиынтық бета-белсенділікті анықтауға ауа сынамаларын іріктеу, тұнбаларды және сүзгілерге шөгетін шаңды жинау, сондай-ақ гамма-сәулесінің экспозициялық дозасының қуатын өлшеу арқылы жүргізіледі.
Аталмыш мониторинг Ұлттық сараптама орталығының маңызы бар қалаларында, 14 облыстық, 25 қалалық, 157 аудандық бөлімшелерінде жүзеге асырылады.