07 жел, 2019 сағат 10:13

Қазақстанның әуе компаниялары 10 айда 7,1 млн жолаушы тасымалдаған

Қазақстанның әуе компаниялары 10 айда 7,1 млн жолаушы тасымалдаған. Бұл мәліметтерді әлеуметтік желіде Азаматтық авиация комитеті таратты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Комитет таратқан ақпараттарға қарағанда, 7 желтоқсан бүкіл әлемде Халықаралық азаматтық авиация күні ретінде аталып өтеді. Бұл мереке ИКАО-ның 50 жылдығын мерекелеуге байланысты 1994 жылы құрылды. 1996 жылы ИКАО-ның бастамасымен БҰҰ Ассамблеясы БҰҰ жүйесінің аясында 7 желтоқсанды Халықаралық азаматтық авиация күні деп ресми жариялады.

Халықаралық азаматтық авиация күнін мерекелеудің мақсаты - мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы халықаралық азаматтық авиацияның маңыздылығы туралы бүкіл әлемдік хабардар болуды қамтамасыз ету және арттыру.

«Біздің мемлекет 1992 жылы Чикаго конвенциясын ратификациялау арқылы ИКАО-ның толыққанды мүшесі болды. Қазіргі уақытта 191 мемлекет ИКАО-ға мүше. Өткен жылы Қазақстан авиаторлары жолаушылар ағынының теңдессіз өсу көрсеткішімен жұмыстың жоғары нәтижелерін көрсетті - ағымдағы жылғы 10 айда қазақстандық әуе компаниялар 7,1 млн. жолаушыны тасымалдаған болатын. Бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 6% - ға артық (6,7 млн. жолаушы). Қазақстан Республикасының әуежайлары ағымдағы жылдың 10 айында 14,8 млн. жолаушыға қызмет көрсетті, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9% - ға артық (13,6 млн. жолаушы)», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ хабарламада соңғы 7 жылда транзиттік жолаушылар саны 45 есеге артқандығы айтылады. Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын орындау аясында ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында транзиттік әуе жолаушылар саны 852 мың адамды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 11% – ға артық (2018 ж. - 765 мың) және жыл соңына дейін 1 млн. астам транзиттік әуе жолаушыға жеткізу жоспарлануда.

Бүгінгі күні ИКАО стандарттарына сәйкес ұшу қауіпсіздігі деңгейі бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында 74% көрсеткішімен III орында тұр. Авиациялық қауіпсіздік деңгейі 83%, бұл 2009 жылғы аудит көрсеткішінен 21% - ға артық. Қазақстанда жақсартылған көрсеткіш - орташа әлемдік 72% деңгейден 11% асып отыр. Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік саласындағы жетістіктері биылғы жылдың 24 қыркүйегінде ИКАО Кеңесінің марапатына ие болды.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 68 қадамын жүзеге асыру аясында Қазақстан ұшу қауіпсіздігінің жаңа үлгісіне көшті. Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» акционерлік қоғамы іске қосылды. Осы ұйымның негізгі функциялары азаматтық авиация саласының субъектілерін техникалық бақылау және қадағалау болып табылады. Жаңа реттеу жүйесі әуе көлігі секторының өсуіне ықпал етіп, Қазақстанның авиация саласының жаhандық ойыншы болуына негіз болады.

Қазіргі уақытта тоғыз отандық әуе компания – «Air Astana», «Prime Aviation», «KazAirJet», «SCAT», «Comlux-KZ», «JetAirlines», «FlyJet.kz», «Euro-AsiaAir» және «Sigma» - EASA авторизациясынан сәтті өтті және Еуропаға ұшуға құқылы.

Халықаралық бағыттардың дамуы жалғасуда, жыл басынан бері қазақстандық және шетелдік әуе компаниялар Алматы-Баку, Жуковский-Қарағанды, Жуковский-Көкшетау, Жуковский-Петропавл, Нұр-Султан-Новосибирск, Мәскеу-Семей, Нұр-Султан-Ұлан-Батыр, Нұр-Султан-Прага, Нұр-Султан-Токио бағыттарын ашты. Қазіргі уақытта Қазақстан әлемнің басқа елдерімен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасымен байланысады.

Биылғы жылдың 1 қарашасынан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында рейстер санына шектеулерді алып тастауды және шетелдік әуе компанияларына қазақстандық тасымалдаушылар жүзеге асырмайтын бағыттар бойынша 5-ші «әуе еркіндігін» ұсынуды көздейтін »ашық аспан« тәртібі енгізілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша енгізілген »ашық аспан« режимі аясында жаңа халықаралық бағыттар ашу және жаңа шетелдік әуе компанияларды тарту бойынша ҚР ИИДМ Қазақстан Республикасының Иорданиядағы Елшілігімен бірлесіп ICAN-2019 халықаралық іс-шарасында 13 елмен әуе қатынасын кеңейту және азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық мәселесі бойынша келіссөздер жүргізді.

Иордания, Польша, Беларусь, Финляндия, Бахрейн әуе компанияларына Қазақстанның 11 әуежайына 5-ші «әуе еркіндігін» пайдалану мүмкіндігімен рейстер санына шектеулерді алып тастауды көздейтін тұрақты ұшуларды орындауға мүмкіндік берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бтыл мамыр айында халықтың басым бөлігі үшін әуе көлігінің қол жетімділігіне бағытталған алғашқы ұлттық FlyArystan лоукостері іске қосылды. FlyArystan әуе компаниясы құрылған сәттен бастап 600 мыңнан астам билет сатып үлгерді, оның жартысынан астамы 10 мың теңгеден төмен бағамен сатылған.

Бүгінгі күні Қазақстанда әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту іс жүзінде аяқталды - 16 ұшу-қону жолағы мен Қазақстан әуежайларының 13 терминалы қайта жаңартылды. Ағымдағы жылдың қазан айында Қостанай қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстары аяқталды және уақытша қолданысқа берілді. Ағымдағы жылдың соңына дейін Балқаш әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстары аяқталады. Түркістан қаласында халықаралық әуежай құрылысы жалғауда.

Ішкі туризмді ынталандыру үшін шағын авиацияны дамыту бойынша шаралар қабылдануда. Бүгінгі күні жергілікті әуе желілерінің 3 әуеайлағы (Үшарал, Үржар, Зайсан) жұмыс істейді. Павлодар облысының әкімдігі Баянауыл елді мекенінде қатты жабынды әуеайлақ құрылысын аяқтауда. Қолданысқа беру келесі жылға жоспарланған. Алдағы 5 жылда жергілікті әуе желілерінің тағы 13 аэродромын салу көзделіп отыр.