02 ақп, 2019 сағат 09:27

Қазақстанның ақша-несие саясаты: соңғы өзгерістерге талдау

Ақша-несие саясаты – кез-келген мемлекеттің экономикалық саясатының негізгі бағыттарының бірі және ол экономиканың тұрақтылығы мен айналымдағы ақшаның теңгерімін қамтамасыз ету мақсатында орталық банк сияқты өкілетті ұйым тарапынан жүргізіледі. Біздің елде бұл рөлді Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі атқарады.

Бұл банктің мақсаты – экономиканы қажетті монетарлық ресурстармен қамтамасыз етуге және экономикалық өсу мен инфляцияны қолайлы деңгейде ұстап тұруға бағытталған ақша-несие саясатын жүзеге асыру. Ұлттық даму стратегиясында көзделген мақсаттарға қол жеткізу және Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына кіруі үшін ақша-несие саясатын дұрыс әрі тиімді түрде жүзеге асыру қажет. Сонымен бірге, тұрақты экономикалық даму үшін мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі елдегі инфляция деңгейін бірте-бірте төмендету үшін жағдай жасау және тиісті шаралар қабылдау болып табылады.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 наурыздағы No2155 Заңында банктің негізгі мақсаты елде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету екені көрсетілген. Қазақстанның прогрессивті дамуымен мемлекеттің ақша-несие саясатына сәйкес бұл заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Тұрақты және тиімді ақша-несие саясатына қол жеткізу барысында Қазақстан соңғы 27 жылдағы негізгі макроэкономикалық үрдістерді көрсететін бірқатар маңызды кезеңдерді бастан өткерді. Әрбір кезең үшін Ұлттық банктің ақша-несие саясатының тиісті шаралары мен міндеттері анықталды, олардың орындалуы инфляцияны төмендету және ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты болды.

Жыл сайын Ұлттық банк өткен жылғы ақша-несие саясатының нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған негізгі даму бағыттарын қамтитын құжат әзірлейді.

Ұлттық банк соңғы үш жылда инфляцияның жылдық көрсеткіштерін белгілеуде.

Мысалы, 2017 жылы елдегі инфляция Ұлттық банк белгілеген 6-8%-дық болжам шегінде болып, 7,1% деңгейіне жетті. Бұл инфляция деңгейі 8,5% болған 2016 жылғы көрсеткіштен төмен. 2018 жылдан бастап бұл параметрлер орта мерзімді инфляцияға қол жеткізу стратегиясы шеңберінде біртіндеп төмендеп келеді. Ұлттық банк басқармасының 2017 жылғы 29 қарашадағы No242 қаулысы мен Қазақстан Республикасының 2018 жылға арналған ақша-несие саясатының негізгі бағыттары бекітілді, оған сәйкес банк инфляциялық таргеттеу қағидаттарына сүйенуді жалғастырды. Бұл қағидаттарды қолдану туралы Ұлттық банк

2015 жылдың 20 тамызында шешім қабылдаған болатын. Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, инфляциялық таргеттеу инфляция деңгейін бәсеңдету мен тұрақтандыруда тиімді реттеу құралы болып табылады.

2018 жылдың соңында Ұлттық банк басқармасы 2019 жылға арналған ақша-несие саясатының негізгі бағыттарын мақұлдады. Құжат, сондай-ақ, 2018 жылғы ақша-несие саясатының іске асырылуы туралы есепті қамтиды. Өткен жылдың негізгі жетістіктерінің бірі инфляциялық үдерістің баяулауы болды. 2018 жылға арналған болжамды инфляция деңгейі 5-7% шеңберінде белгіленді және жыл соңына қарай Ұлттық банк инфляцияны белгілінген меженің ең төменгі шегіне жақын 5,3% деңгейінде сақтады, бұл 2017 жылға қарағанда 1,8%-ға төмен. Бұл төмендеу үрдісіне ақша-несие жағдайларын тиісті деңгейде ұстап тұру, сондай-ақ, Қазақстанның сауда серіктестерінен әкелетін өнімдеріндегі инфляцияның төмен деңгейі сияқты факторлар мен бірқатар тиімді шаралар ықпал етті. Инфляцияның күрт төмендеуінің тағы бір факторы тұтынушылық несиелендірудің оң өсу қарқыны болды. Инфляциялық таргеттеумен қатар, Ұлттық банк ұлттық валютаның еркін өзгермелі айырбас бағамы режимін ұстануды жалғастырды.

Теңге бағамы 2018 жылы дербес түрде қалыптасты, реттеуші органның араласуы ең аз дәрежеде болды. Нәтижесінде инфляцияның бәсеңдеуі бағамы бір жыл ішінде 12%-ға құнсызданған ұлттық валютаның девальвациясы аясында болды.

Ұлттық банк 2019 жылы да ақша-несие саясатын инфляциялық таргеттеу қағидаттарына сәйкес жүзеге асыра бермек.

Осы стратегия шеңберінде 2019 жылға арналған инфляция болжамы 1%-ға төмендеді. Демек, негізгі мақсаттардың бірі инфляцияны 2020 жылдың соңына дейін 4%-ға дейін төмендету және кейінгі жылдары осы деңгейде ұстап тұру үшін инфляция деңгейін 4-6% шегінде сақтау болып табылады. Ақша-несие саясаты туралы шешім қабылдаған кезде Ұлттық банк елдегі экономикалық жағдайға теріс әсер ете алатын ішкі және сыртқы факторлардың әсерін қадағалап, бақылайтын болады. Мұнай бағалары мен Ресей рублінің динамикасы негізгі сыртқы факторлар болып қала бермек.

Жағымсыз сыртқы әсер орын алған жағдайда, Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатын жүргізуге дайын. Соңғы үш жылда Ұлттық банк елдегі банк секторының тұрақтылығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және тұтастай алғанда бүкіл экономиканың тұрақты өсуіне бағытталған бірқатар шараларды қабылдады. 2018 жылы резервтік міндеттемелер мен активтердің құрылымы және стандарттар деңгейі бойынша ең төменгі резервтік талаптар тетігінің тиімділігін арттыру жөніндегі 2017 жылы басталған жұмыстардың аяқталғанын атап өткен жөн.

Ақша-несие саясатының алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері белгіленді деп айтуға болады. Ұлттық банктің негізгі міндеті биылғы жылы да баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және жылдық инфляцияның төмен деңгейін қамтамасыз ету болып қалады. Ал реттеуші орган ақша-несие саясатының құралдарын жетілдіруге бағытталатын болады. Ұлттық банк алдағы кезеңде де ұлттық валютаның еркін өзгермелі қағидаттарын ұстануды жалғастырады, ал айырбас бағамының тұрақсыздандыратын ауытқуын түзету үшін валюталық интервенцияларды жүргізетін болады. Базалық мөлшерлеме негізгі құрал ретінде қалады, оның мөлшері елдегі инфляцияның нақты және болжамды көрсеткіштеріне және басқа да параметрлерге байланысты анықталады. Ұлттық банк 2019 жылы базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер сегіз рет қабылданатынын анықтады, олардың төртеуі өзгермелі айырбас бағамына өту және инфляциялық таргеттеуді енгізу шеңберінде жасалған банктің талдау және болжау жүйесінің нәтижелеріне негізделетін болады. Бұл ретте базалық мөлшерлеме ұзақ мерзімді әлеуетті экономикалық өсу қарқынымен салыстырмалы деңгейде сақталады. Ұлттық банк ақша-несие саясатының беделін арттыружәне инфляциялық межені тежеу мақсатында өз жұмысының ашықтығы мен болжамдылығын арттыруды жоспарлап отыр.

Жандос Ранов