08 ақп, 2021 сағат 08:17

Қазақстанның 50 компаниясы «Алтын тасымалдаушы» мәртебесімен Alibaba-да сауда жасап жатыр

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықов елдегі электронды сауда қалай дамып келе жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2019 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сауда және интеграция министрлігі мен бірлесіп, «Интернет экспортерлардың мектебі» жобасы жүзеге асырылды. Осының нәтижесінде 2020 жылы Қазақстанның 50 компаниясы «Алтын тасымалдаушы» мәртебесімен «Alibaba» платформасына енгізілді», - деді Нариман Әбілшайықов Сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысында. 

Ол сонымен қатар «Бастау Бизнес» жобасы аясында маркетплейстағы сауданы жүргізу үшін кәсіпкерлерді оқытатын fintech.atameken.com платформасы құрылғанын мәлім етті. 

«Біз өз елімізде bastaumarket.kz сервисін құрдық. Ол Etsy.com халықаралық сауда платформасын меңгеруге берілген өтінімдерді біріктіреді. Осы қызмет арқылы қатысушыларға маркетингтік талдау жүргізу, тауарларды жобалау және жылжыту бойынша кеңестер, нарықты тәуелсіз пайдалануға үйрету бойынша қолдау алуға мүмкіндік берілді», - деп қорытындылады спикер.