Бүгін Қазақстанның 100 жаңа есімін таңдау процесінің енді қалай жалғасатыны және ол процедуралардың қалай жүзеге асатыны жөнінде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша жұмыс тобы және сарапшылық топтың кезекті отырысында «Қазконтент» АҚ басқармасының төрағасы Евгений Кочетов айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазконтент» АҚ басшысы Евгений Кочетов «Ел.кз» порталындағы «100 жаңа есім» бойынша ауқымды жұмыс жасағанын, сайтқа келген барлық өтініш қабылданғанын айтты. «Біз жұмыстың бірінші кезеңінде жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтасып, олардың ұсыныстарын жинадық, енді 1 қазаннан айдың аяғына дейін жұмыстың екінші кезеңін бастап, осы сайттағы есімдерге халықтың онлайн режимде дауыс беруін ұйымдастырамыз. Сонымен бірге үміткерлердің жеңімпаз болуының ең басты критерийі – Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылғанындай, Тәуелсіз Қазақстан үшін айрықша маңызды ерен еңбегі мен жетістіктерінің мойындалуы», – деді ол. Одан бөлек, жиналғандарға сайтта көрсетілген дауыс берудің тәртібі туралы баяндап берді.
«Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін жобаға қатысушылар қызмет саласына байланысты 7 бөлімге топтастырылады. Олар: мәдениет, білім, қоғам, өнер, бизнес, медицина, ғылым және спорт. Бұл бөлімдердің әрбіріне шамамен 30-40 қатысушы ұсынылған. Олардың саны сарапшылық топтың кандидаттарды таңдауына байланысты. Ал негізгі критериін Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық мақаласында айтты», - деді ол.
Кочетовтің айтуынша, қоғамдық дауыс беруге ұсынылған кандидаттың сайттағы суретін басу арқылы оның жетістікке жету тарихымен де танысуға мүмкіндік бар.
«Ашықтықты қамтамасыз ету және дауыс беруді еселеуге жол бермеу мақсатында сайтқа тіркелу жүйесі орнатылған. Оны бірнеше әдіспен жүзеге асыруға болады. Алғашқысы -электронды пошта арқылы тіркелу. Екінші жолы - әлеуметтік желідегі аккаунттар арқылы авторизациялану. Қолданушы өз үмкіткерін таңдап, дауыс беруге дайын болған кезінде батырманы басса жеткілікті. Бұл ретте қолданушы көп дегенде 3 адамға ғана дауыс бере алады. Бір кандидатқа бір рет қана дауыс беруге болады. Қайта дауыс беру мүмкін емес. Сайтта дауыстарды автоматты түрде санау жүргізіледі», - деді ол.
Отырыста бұлардан басқа да жұмыс тобы мен сарапшылардың бірнеше белсенділері сөйлеп, өздерінің істеген жұмыстары мен ұсыныстарын ортаға салды. Жиынды Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев қорытындылап, порталға есімдері енген барлық адам белгілі бір табысқа қол жеткізгендер, яғни олардың әрқайсысы бір жетістіктің тарихы екенін айта келіп, БАҚ оларды халыққа танытуда аянбай еңбек етулері керектігін айтты.