29 қаң, 2020 сағат 16:55

Қазақстаннан Қытайға ұшақ, автобус пен пойыз қатынасы қай уақытқа дейін тоқтатылды

Қазақстаннан Қытайға ұшақ, автобус пен пойыз қатынасы қай уақытқа дейін тоқтатылды? Бұл сұраққа ҚР ИИДМ Көлік комитетінің төрағасы Самат Ғылымов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек, бұған дейін ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша бірқатар қосымша қорғану шараларын қабылдаған болатын. Осы шараларға сәйкес, Қазақстан мен Қытай арасындағы ұшақ, автобус пен пойыз қатынасы уақытша тоқтатылады. Ал «уақытша» деген сөз қандай мерзімді білдіреді? Тілшілердің бұл сұрағына Самат Ғылымов жауап берді.

«Жалпы, болжауымша жағдай түзелгенге дейін осы шектеу күшінде болады. БАҚ-тан хабарлағандай, Қытай тарапы коронавирустың шырқау шегі алдағы бір аптада өтетінін жазып жатыр. Сол себепті, бұл сұраққа жағдай тұрақталғанша деп жауап берер едім», - деді Самат Ғылымов.

Ал екі ел арасындағы логистикалық қарым-қатынасқа қойылған шектеу экономикаға қаншалықты шығын келтіруі мүмкін? Бұл сұраққа жауап берген Самат Ғылымов әзірге бұл сұраққа жауап беру мүмкін емес екенін айтады.

«Жүк тасымалы бойынша екі ел арасында ешқандай шектеу қойылған жоқ. Ал жалпы ол шығынның есебі жағдай тұрақталғаннан кейін бірақ белгілі болады», - деді ол.