Бүгін Украинаның Қазақстандағы елшілігінде «EXPO - 2017: Украина Астанаға не әкеледі?» тақырыбында брифинг өтті. Онда Қазақстан Республикасындағы Украина істерінің уақытша сенімді өкілі Володымыр Джиджора айтулы шарадағы украиндық тараптың жоспарларымен бөлісті.
Сенімді өкілдің мәлімдеуінше, Қазақстан Украина және ондаған мемлекетке павильонға тегін орналасуға мүмкіндік берді. Бұл мемлекеттер арасындағы келіссөздер нәтижесінде жүзеге асқан. «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық жұмыстарымен Украинаның Экономикалық даму және сауда министрлігі және Украинаның сауда-өнеркәсіптік палатасы айналысуда. Сонымен бірге, Украинаның вице-премьері Геннадий Зубко Украина секциясының комиссары болып тағайындалған.
Украина павильонының аумағы 35 шаршы метрді құрайды. Мұнда үлкен экран орнатылып, Украинаның бар мүмкіндіктері медиа-таныстырылым түрінде көрсетіледі. Бүгінге дейін Украинаның ондаған компаниялары көрмеге қатысатындарын растады. Олардың қатарында ДТЭК, «Фурлендер Виндтехнолоджи», «Syneko» және «SolarGaps» бар. Бұл Украинадағы баламалы энергия өндіру бойынша алдыңғы қатарлы жеке компаниялар. Көрме барысында электр энергиясын өндіру, тарату және сақтаумен айналысатын украиналық компания өкілдері өз әлеуеттерін көрсетіп, серіктестермен келіссөздер жүргізе алады.
«Украинада жел электр өндірісі жақсы дамыған. Сондықтан , біз жел және күн энергиясына қатысты қызықты технологиялармен бөлісе аламыз. Мен Қазақстанның Қарағанды, Ақтау, Павлодар сынды қалаларында болдым және Қазақстанның басым бөлігінде желдің өте көп екенін байқадым. Сондықтан, Қазақстанға жел қуатын өндіруді дамыта түсу қажет», - деп толықтырды В.Джиджора.
15 маусым күні ЭКСПО аумағында Украинаның ұлттық күні өтеді. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында жұмыс істейтін украин этномәдени бірлестіктері, Астанадағы украиндық мейрамxаналар атсалысады. Ұлттық күнге Украина премьер-министрі Владимир Гройсман арнайы келеді деп күтілуде. Ұлттық күнмен бірге, премьер-министр екі елдің кәсіпкерлеріне арналған бизнес-семинарға да қатысады. Семинарға жаңартылған энергетика саласы бойынша украиндық және қазақстандық кәсіпкерлер шақырылып, ынтымақтастық орнату, келіссөздер жүргізу мүмкіндігі беріледі.
ЭКСПО қарсаңында Украинадан келетін және осы ел арқылы ұшып келетін қонақтардың саны көбейеді. Осыған орай, Қазақстан мен Украина арасындағы әуе рейстерінің саны ұлғаяды. Одан бөлек, «Эйр Астана» әуе компаниясымен Киев-Астана бағытында тікелей рейс ашу туралы келіссөздер аяқталуға жақын. Көрме кезінде «Украина халықаралық әуе желілері» және «Эйр Астана» компанияларының рейстері аптасына 7 және 5 күн ұшады деп жоспарланып отыр.
Еске сала кетсек, 2017 жылдың 23 ақпанында ЭКСПО-2017 көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев Украина секциясы комиссарының орынбасары Сергей Савчукпен кездескен еді. Кездесу қорытындысы бойынша Жошыбаев пен Савчук ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне Украинаның қатысатыны туралы шартқа қол қойды.