Фото: Wfin.kz
Былтыр Қазақстанға жұмыс бабымен немесе тұрақты тұруға келгендерді есептемегенде, туристік мақсатпен 15,3 млн шетелдік қонақ келген, деп хабарлайды Ult.kz.
Ресми статистикаға сәйкес, шетелдік меймандардың елімізде орташа болу мерзімі – 4 күн.
"Салаға салынған инвестиция көлемі де артып келеді. Соңғы 5 жылда 550 млрд теңгеге 600-ден астам жоба іске асырылған. Алдағы 2 жылда тағы 181 жаңа туристік нысан салынады. Бұл жобаларға 1,1 трлн теңге тартылған", - делінген Спорт және туризм министрлігінің хабарламасында.
Ұлттық банк мәліметінше, алыс шетелден келген туристер Қазақстанға сапары кезінде орта есеппен 1500 АҚШ долларын жұмсайды. 2024 жылы шетелдік туристер еліміздің аумағында 1,2 трлн теңгеден астам қаражат жұмсады.
Осылайша туризм бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте бір жылда 66 орыннан 52-орынға көтерілді.