Қаңтар оқиғасы кезінде халық арасында үрей тудыру үшін көптеген жалған ақпарат таратылды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаңтар оқиғасы тұсында әлеуметтік желілер арқылы жалған хабарламалар көп таратылды. Олардың қатарында «Алматы мен елордада судың ластануы», «елімізге екі мың тәліп содырының келуі», «Алматыдағы биозертхананың басып алынуы», «Телефондардың толық тыңдалуы» туралы жалған ақпараттар бар», - деді Ризабек Ожаров Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, бұлар халық арасында үрей тудыру үшін таратылған.
«Осындай әрбір жалған ақпарат бойынша Ішкі істер министрлігі қылмыстық заңнамаға сәйкес процессуалдық шешімдер қабылдайтын болады. Сондықтан азаматтарымызды ресми ақпарат көздеріне сеніп, жалған ақпарат таратпауды сұраймын», - деді Бас прокуратура өкілі.
