Бүгін Премьер-Министр орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабаарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Кеңеске мемлекеттік органдардың өкілдері мен өңірлердің басшылары қатысты.
Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешім қабылдады:
- Эпидемиологиялық қауіптің "сары" және "жасыл" аймақтарда барлық нысанда: "Ashyq" мобильді қосымшасын міндетті түрде пайдалану, әлеуметтік қашықтықты сақтауға қойылатын талаптар, міндетті термометрия алынып тасталады;
- Барлық аймақта ашық ауада маска тағу міндетті емес;
- COVID-ке қарсы вакцина алмаған қызметкерлерге күндізгі режимде жұмысқа баруға шектеу қойылмайды;
- Вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлер үшін вахтаға кіру және шығу кезінде ПТР әдісімен міндетті зертханалық тестілеу алынып тасталды.
Вице-премьер Ералы Тоғжанов әкімдіктерге азаматтарды вакцинациялау мен қайта вакцинациялау қарқынын күшейтуді тапсырды.
Қазіргі уақытта елдің барлық өңірі "жасыл" аймақта тұр.
