02 ақп, 2021 сағат 11:20

Қазақстандықтарға 6 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен несие беріледі

2022-2026 жылдарға арналған «Еңбек» ұлттық жобасы әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамыту үшін микроқаржы ұйымдарының халыққа кредит беруге қатысуын жандандыру және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы тетіктерін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша жұмысқа орналастырылғандар туралы ақпаратты автоматты түрде тексеруді енгізуді тапсырған болатын», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында 2021 жылдың наурыз айының соңына дейін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына мемлекеттің және «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен микроқаржы ұйымдар құру бөлігіне өзгерістер енгізіледі және соңғы қарыз алушыға 6 пайыздан аспайтын сыйақы мөлшерімен несие берілетін болады.

«Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдармен және «Атамекенмен» тұрақты негізде қарыз алушылардың жобаларын сүйемелдеу және тұрғындарға микрокредит беру бойынша микроқаржы ұйымдарына мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар министрлікпен жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жаңа тәсілдер мен тетіктерді қарастыра отырып, 2022-2026 жылдарға арналған «Еңбек» ұлттық жобасы әзірленеді», деді Серік Шәпкенов.

Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды іріктеу, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру және шағын несиелендіру толығымен қайта қаралып, жаңа тәсілдер әзірленді. Осы жылға 27 мың жұмыс орнын құра отырып, 331 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.