ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев БЖЗҚ-ның қазақстандықтардың зейнетақы қорының ауқымды бөлігін Әзербайжан халықаралық банкіне салуына байланысты мәселеге қатысты пікір білдірді.
«Мен өздерінің зейнетақы қоры үшін уайымдап жатқан адамдарды жақсы түсінемін. Қазіргі таңда тексеріс жүріп жатыр, оның нәтижесі жарияланатын болады. Қазақстанда, тіпті, инфляцияны есепке ала отырып, зейнетақы қорына мемлекеттік кепілдік берілген. Сондықтан, еліміздегі зейнетке шыққан барлық азаматтар зейнетақы алатын болады. Бұған еш күмән келтірмеңіздер, бұл үшін уайымға салынудың қажеті жоқ. «Бұл қаржылар дұрыс инвестицияланған ба?» деген сұрақ - жіті бақылауға алынған, қазір сәйкесінше тексеріс жүріп жатыр», - деп атап өтті министр «Хабар» телеарнасындағы «Дәурен Абаевпен ашық диалог» бағдарламасының эфирінде.
Еске салайық, Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 71,3 млрд теңгелік активін инвестициялаған Әзербайжан халықаралық банкі сотқа банкротқа ұшырағаны туралы өтініш білдірген. Қаржы мекемесі сыртқы қарызын төлеуді тоқтатып, кредиторлармен қайта құрылымдау туралы келіссөздер жүргізуге дайындалып жатыр. Аталмыш қаржылық мәселе Әзербайжанның ұлттық валютасының құнсыздануы мен мұнай бағасының тұрақсыздығы салдарынан туындаған. Банк басшылығы банкроттықты жариялау арқылы кредиторлар тарапынан түсетін талап-арыздан құтылуды көздеп отыр.
Сонымен қатар, Әзербайжан үкіметі банктің қарыздарын төлеу туралы шешім шығарды. Сондықтан, сарапшылардың айтуынша, проблемалық банкке ақшасын салған БЖЗҚ-ға да, басқа компанияларға да ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.