2021 жылғы ақпанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 223 213 теңге болды. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросынан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2021 жылғы қаңтарда халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 115 684 теңгені (алдын ала деректер) құрады. Бұл 2020 жылғы қаңтарға қарағанда 4,8% жоғары, нақты ақшалай табыс көрсетілген кезеңде 2,4% төмендеді.
2021 жылғы ақпанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы бағалау бойынша 223 213 теңгені құрады», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ мәлім етілгендей, 2020 жылғы IV тоқсанда елімізде жұмыссыздар саны 453 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күші санына 4,9% құрады. Жұмыспен қамту органдарында тіркелген адамдар саны 2021 жылғы ақпаның соңына 192 мың адамды құрады.
Бұдан бөлек, 2021 жылғы ақпанда 2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда тұтыну бағасының индексі 101,3% құрады.
Азық-түлік тауарларына бағалар – 2,2%, азық-түлік емес тауарларға – 0,7%, халыққа арналған ақылы көрсетілетін қызметтерге 0,6% өсті.
Өнеркәсіп өнімдеріне өндіруші кәсіпорындар бағасы 2021 жылғы ақпанда 2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 8,4% қымбаттады.