01 қыр, 2016 сағат 21:00

Қазақстандықтардың өмір деңгейін төмендетуге жол берілмейді

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып, алтыншы сайланымның екінші сессиясын ашты.

Мемлекеттік Әнұран орындал­ғаннан кейін Елбасы Н.Назарбаев елдің қауіпсіздігі мен тыныштығы, эко­номикамыздың дамып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру жолында депу­таттардың алдында тұрған жаңа мін­деттер мен қабылданатын қажетті заң жобалары туралы айтты.

Құрметті депутаттар, деп бастады сөзін Елбасы. Баршаңызды жаңа парламенттік мау­сымның басталуымен құттық­тай­мын. Жер-жерде сайлау­шылармен кездесіп, жаңа ой-пікірлер жинақтады деп сенемін.

Биылғы сессия қастерлі Тәуел­сіз­дігіміздің 25 жылдығын тойлайтын кезеңге сай келіп отыр. Қазір әлем­дік экономика аса күрделі кезең­дердің бірін бастан өткеруде. Шека­ра талғамайтын терроризм мен экс­тре­мизм дүниенің барлық қиырын шар­пып келеді. Мұның бәрі жаһандық әлем­нің ажырамас бөлігі – Қазақ­станға да ықпалын тигізуде. Соған қара­мастан, біз заманның сын-қатер­леріне лайықты жауап беру үшін зор қызметтер атқарып келеміз.

Мемлекет басшысы бұдан әрі елі­міз Тәуелсіздік тарихының екінші ши­ре­гін тың қарқынмен бастайтынына тоқталды. Біз «Қазақстан-2050» Страте­гия­сында көздеген мақсаттарымызға үз­діксіз ұмтылатын боламыз. Алды­мызда үлкен міндеттер мен ауқым­ды жұ­мыстар тұр. Бұл орайда, Парла­ментке де зор жауапкершілік жүкте­леді. 5 институттық реформаны жүзеге асырудың Ұлт Жоспарын заңнамалық қамтамасыз ету қарқынмен жалғасын табуы қажет. Еліміздің дамуына қажетті көптеген заңдар қабылдау керек. Олардың ішінде кезек күттірмейтін, қысқа мерзімде қабылдау қажет заңдар бар. Мен кәсіби Парламентіміз өзіне жүктелген тарихи міндетін абыроймен атқарарына сенімдімін, деді Қазақстан Президенті.

Елбасының айтуынша, Пар­ла­менттің екінші сессиясы жұмысын жауапты тарихи кезеңде бастап отыр.

Біріншіден, Қазақстан Тәуел­сіз­дігінің 25 жылдық мерейтойын қарсы алу­ға дайындалуда. Бұл – жылдың ең негізгі оқиғасы. Бізге еліміздің бар­лық жетістігін саралау қажет. Мерей­тойлық оқиғаның өзі түсіндіру жұмыс­тарының қорытынды кезеңі болуы тиіс. Біз қол жеткізе алған нақты нәти­желерді әрбір қазақстандықтың сезін­гені қажет. Сондай-ақ, болашақ жоспарларды да айқындау маңызды. Екіншіден, біз Қазақстанды жан-жақты жаңғырту жөніндегі Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың жаңа кезеңіне кіріс­тік. Парламентке Үкіметпен бірлес­кен сындарлы жұмыс дәстүрін жалғас­тырған жөн. Жаңа заңдарды әзірлеу және қабылдау жөніндегі барлық мәселе бойынша Үкіметпен тығыз әрі үйлесімді іс-қимыл жүргізу керек, бұл ретте заңдар жете пысықталуы және сапалы болуы тиіс.

Қазақстан Президентінің айтуынша, әсіресе, Сенат пен Мәжіліс де­пу­тат­тарының халыққа жаңа заңна­маның мақсаты мен міндеттерін түсін­діру­дегі рөлін күшейту маңызды. Ең ал­дымен, азаматтардың назарын заңдар­дың эко­номикалық және әлеу­меттік оң әсеріне, бизнесті дамытудағы және ха­­лық­тың кең ауқымының бақуатты­лығын көтерудегі пайдасына аудару керек.

Үшіншіден, әлемдік экономикалық және саяси ахуал күрделі болып қалып отыр. Әлемнің көптеген дамы­ған және дамушы экономикалары қиын­дықтарды сезінуде. Әлемдік на­рық­­тардағы бағаның құлдырауы мен құ­­былмалылығы халықаралық сауданы әл­сіретті. Елдер арасындағы инвес­ти­­ция­лық ағындар көлемі төмендеді. Осы­­ның бәрі Қазақстандағы ахуалға теріс әсер етуде, өйткені, біз әлемдік эко­­но­­ми­каның бір бөлігіміз. Осындай жағ­­дайда Үкімет пен Ұлттық банктің Дағ­­дарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын жү­зеге асыру жалғасады, ол жаңа шара­­лармен уақтылы толықтырылып отырады.

Бес институттық реформа, ин­дус­трия­ландырудың екінші бесжылдығы, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты аясында экономика өсімінің жаңа драйверлерін жүйелі түрде қалыптастыру қажет. Қазақ­станның әлемдік шикізат өнімдері баға­сының құбылуына тәуелділігін төмендету жұмыстарын жалғастыру маңызды. Сондықтан біз, ең алдымен, шикізаттық емес өнімдерді экспортқа шығаратын кәсіпорындарды мемлекеттік қолдауға басымдық береміз, деді Елбасы.

Мемлекет басшысы жаңа геосаяси сын-қатерлерді ескеру қажеттігін де айтты. Халықаралық қатынастар жүйесі жетек­ші державалардың ара­сындағы қарама-қай­шылықтың өсуі салдарынан болжап бол­майтын сипат алды. Бұл әлемдік қоғам­дастықтың халықаралық терроризммен және экстремизммен күресін қиындатады.

Өткен жаздағы оқиғалар көрсет­кендей, әлемде бірде-бір ел терроршылар шабуы­лынан қорғалмаған. Сондай-ақ, террорлық қауіп-қатер Қазақстан үшін де өмір шындығы болып табы­лады. Жаһандық соғыстың алдын алу және адамзаттың өз-өзін ядролық қару­мен жойып жіберу қаупі бүгін қайтадан халық­аралық күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды.

Тәуелсіздік ғасырының екінші ширегін біз қиын кезеңде бастағалы отырмыз. Алайда, бұл жағдай ғасыр ортасында жете­міз деп отырған Ұлы мақсатымыз – Қа­зақстанды Еура­зияның ең дамыған елде­рі қатарына, яғни әлемнің дамыған мем­лекеттері клубына қоспақ ниетімізге кедергі жасамауы тиіс, деп атап өтті Мемлекет басшысы бұл бүкіл мемлекеттің, оның ішінде биліктің заң шығарушы тар­мағының бұрынғыдан да тиімді жұмыс істеуін, қоғамның бірлігін, табысқа жету жолында тұтастай жұмылуды қажет ете­тінін атап көрсетті. Тұрақтылық және қазақстандықтардың өзара түсіністігі мен толеранттылығы жағдайында ғана алға қойған мақ­саттарға жете алатынымызды айтты. Бұдан әрі Елбасы осы сессияда қара­луы тиіс заң жобаларына тоқталды.

Жаңа сессияда сіздер тал­қы­лап, қабылдауларыңыз керек 50-ге жуық заң жобасы бар. Жеті жаңа заңды депутаттардың өздері ұсынып, Үкімет қабылдады. Бұл бас­тамалар депутаттар кор­пу­сының жоғары кәсіби деңгейін дәлелдейді. 28 жоба бойынша талқылау өткен сессияда басталды. 2016 жылдың заң жобалары жұ­мысының жоспарына сәйкес Үкімет Мәжілістің талқылауына 4 жоба ұсынды, тағы 7 жоба осы жылдың аяғына дейін ұсынылады. Бірқатар заң жобаларын Үкімет Мәжілістің қарауына кезектен тыс енгізеді. Жалпылай алғанда, депутаттық корпусты мынадай бағыттар бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр, деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Бірінші. Ел қауіпсіздігінің заңнамалық негізін нығайту. Әлем­нің өзге елдері сияқты Қазақстан да тікелей террорлық қауіп-қа­терге кез болды. Ақтөбе мен Алматыдағы террорлық актілердің салдарынан Ұлттық ұлан сарбаздары, полиция қызметкерлері және ешбір жазығы жоқ азаматтар қазаға ұшырады. Осындай жағдайда мемлекет ұлттық қауіпсіздікті нығайтуы тиіс. Менің тапсырмам бойынша экстремизм мен терроризмге қарсы күрес, қарсы барлау қызметі, дактилоскопиялық және геномдық тіркеу, пробация, ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша 7 заң жобасы жасалып, Мәжіліс қарауына енгізіледі. Депутаттардың жобаларды мұ­қият қарап, осы жылдың аяғына дейін қабылдауын сұраймын, деп аяқтады сөзін Н.Назарбаев.

Екінші. Ұлт Жоспарын жүзеге асыруды заңнамалық қамтамасыз ету. Ең алдымен, институттық ре­фор­маларды тереңдету үшін баға­лау, коллекторлық және жеке детективтік қызмет, Зардап шек­кен­дердің шығынын өтеу қоры тура­лы заңнамалық актілерді қа­был­дау маңызды мәнге ие болмақ.

Назарбаев Университеттің ха­лық­аралық практикасы мен тәжіри­бесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық жә­не басқарушылық дербестігін заң­намалық тұрғыда кеңейту қажет.

Депутаттарға жергілікті өзін өзі басқару органдарының дербес бюджетін енгізу бөлігінде заңнамаға қосымшалар қабылдау қажет болады.

Электр энергиясы мәселелері жөніндегі заңнамаға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізу қарастырылған. Олар энергияны тарату шығындарын төмендетуді және тиісінше, тұтынушылар үшін оның құнын азайтуды қамтамасыз ету мақсатын көздейді.

Елбасы сол сияқты, стандарттау туралы заңнамалар пакетінің де маңызы зор екенін айтты.

Өздеріңізге белгілі, мен Жер реформасы жөніндегі комис­сияның Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты мора­то­рийдің күшінде тұру мерзімін 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы ұсынысын қолдадым. Жер реформасы жөнін­дегі комиссия қоғамды толған­дырған проблемалы мәселелерді тал­қылай отырып, үлкен жұмыстар жүргізді. Үкімет енгізетін жекелеген заң жобасында көрініс табуы тиіс бірқатар ұсыныстар қалып­тастырылды. Атап айтқанда, ол ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді беру процедураларын жетілдіру, олардың ұтымды пайдаланылуына бақылауды күшейту мәселелеріне қатысты, деп атап өтті Қа­зақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жер заң­на­масына түзетулер енгізу туралы шешім қабылдау кезінде Үкі­меттің агроөнеркәсіп саласына қаржы тарту мақсатын бас­шылыққа алғанын еске салды. Ауыл шаруашылығын көтеру оған ілесе көптеген салалардың да­муына жағдай туғызбақ. Салаға ықпал жасау үшін мемлекеттің қан­шалықты күш-жігер жұмсағанын барлық аграршылар біледі. Әр жыл сайын аграрлық секторға айтарлықтай қаржы салынады, бірақ олар барлық уақытта бірдей өзін-өзі ақтап, кері қайта бермейді. Қазіргі заманғы экономикада олай болуға тиіс емес. Себеп, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің төмендігінде жатыр, оны көтеру үшін қосымша қаржылар салу қажет. Бүкіл әлемде аграрлық секторға инвестициялар тарту үшін жұмыс істейді.

Соған орай Елбасы біз­дің мемлекетіміз де ауыл шаруа­шылығының деңгейі мен сапасын көтеру үшін көбірек капитал салымдарын тартқысы келетінін айтты. Егер бұл жұмыс түсіндіруден басталып, одан кейін ғана заң қабылданғанда, онда ахуал басқаша болар еді. Бұл аспектілерді заң шығарушылар аграрлық саланы реттейтін заң жобаларымен жұмыс істеген кезде ескеруі тиіс, деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Үшінші. Парламентке үш жылдық кезеңге арналған рес­пуб­ликалық бюджет туралы заң жобасын қарап, қабылдауға тура келеді. Онда мен айтып өткен жаһандық тенденциялар мен сын-қатерлерді ескере отырып, 2017-2019 жылдарға арналған бюд­жет саясатының қағидаттары мен оған қатысты көзқарастар анықталатын болады. Мемлекет кепілдендірген әлеуметтік пакеттің шығыстары көлемін сақтауды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету қажет. Әңгіме бірінші кезекте зейнетақылар, жәрдемақылар, стипендиялар және өзге де әлеуметтік төлемақылар туралы болып отыр, деді Қазақстан Президенті.

Елбасының айтуынша, бюджет саясатын қандай да болмасын жағдайда қазақстандықтардың өмір деңгейлерін төмендетуге жол берілмейтіндей етіп қалыптастыру қажет.

Ұлттық қордан берілетін ке­піл­ді трансферттер туралы, сон­дай-ақ, республикалық және өңір­лік бюджеттер арасындағы трансферттердің көлемі туралы заңдар үш жылдық бюджетпен бір пакетте өтеді. Парламент пен Үкімет бюджет қаржыларын игеру мәселесіне қатаңырақ бақылау жасауы тиіс. Оның үстіне бюджет шығыстарын игермеу проблемасы салалық та, өңірлік те деңгейлерде орын алуын жалғастыруда. Бө­лін­ген қаржылар экономиканы да­мы­туға, жұмыспен қамтуды қамта­масыз етуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмыс істеуі тиіс, деді Мемлекет басшысы.

Төртінші. Депутаттық кор­пус­тың Қазақстан бекіткен бірқатар халықаралық келісімдерді ратификациялау мәселелерін қарауына тура келеді.

Бесінші. Парламент – ол халық өкілдігінің басты органы. Сон­дықтан Парламент палатала­рының қызметі қоғам үшін ба­рынша ашық болуы тиіс. Заң­дарға деген қажеттілік пен оларды қабылдаудың бүкіл қисыны қа­зақ­стандықтарға түсінікті болуының маңызы зор. Күзден бастап Сенат пен Мәжіліс жұмыстарын, сондай-ақ, Парламент палаталарының бірлескен отырыстарын онлайн режімінде тікелей тарату оған жағдай жасайтын болады.

Мемлекет басшысы заң шы­ғарушылық үдерісінің шеңберлерін кеңейте түсу қажеттігіне де тоқталды. Жобаларды дайындау сатысында оған қоғамдық сарапшыларды, парламенттік емес партиялардың, ҮЕҰ және БАҚ өкілдерін тарту қажет. ЭЫДҰ елдерінің халықты алдын ала құлақтандыру және қажетті құқықтық жаңа бастамаларды қоғамдық талқылау жөніндегі тәжірибесін белсенді пайдаланған жөн, деп атап өтті Елбасы.

Президенттің айтуынша, заң шығару үдерісіне қатысатын мемлекеттік органдардың барлық басшылары, сондай-ақ, партиялық фракциялар қоғамды жоспарланып отырған заңнамалық бас­тамалар туралы тұрақты түрде ақпараттандырып отыруы керек. Бұл орайда парламенттік фракцияның бастамашылық рөлі және «Нұр Отан» партиясының барлық құрылымдары мен фи­лиалдарының ырғақты іс-қи­мылы айрықша маңызды. Заңдарды қабылдау үдерісіне деген мұндай көзқарас қазақ­стан­дықтардың құқықтық мәдениетін арттыратын болады.

Отырысқа төрағалық еткен Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин барлық депутаттар атынан Елбасына Пар­ламенттің екінші сессиясын ашып, алдағы жұмыстың басым бағыттарын белгілеп бергені үшін зор алғыс білдірді. Бірлескен отырысқа еліміздің Премьер-Министрі, Мемлекеттік хатшысы, Президент Әкімші­лігінің Басшысы, Конституциялық Кеңес­тің, Жоғарғы соттың және Орталық сайлау комиссиясының төрағалары, барлық дең­гейдегі мемлекеттік органдар мен бұқа­ралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың сөзі­нен, депутаттар кор­пусының алдына қойған мін­деттерден алған әсері туралы Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов айтылғандардың бәрі де барынша өзекті мәселелер екенін ауызға алды. Әлеуметтік жағынан қор­ғалуға тиісті әлжуаз топтарға қол­дау білдіру мәселелеріне Пре­зи­денттің кезекті рет назар аударып, оларды жетілдіру қа­жеттігін айтқаны дұрыс деп санай­тынын жет­кізді. Елдің қауіпсіздігін сақтау мәсе­лелері және оны жетілдіру туралы заң жобасы қабылданатынын айтқаны да ме­нің ойымнан шықты. Мен өзім бұрын­ғы әскери қызметкер болғандықтан, елдің қауіп­сіздігі мәселесіне бірінші кезекте на­зар аударамын. Бүгінгі таңдағы терро­ристік, экстремистік әрекеттердің біздің елімізге де жеткені мені қатты алаң­датады. Осындайларды болдырмау үшін заңнамаларымызды қатаңдату бүгін­гі таңдағы өзекті міндеттердің бірі. Прези­денттің сондай заңның қабылдануы керектігін айтқаны менің ойымнан шықты. Сол заң жобасы бізге осы қыркүйек айы­ның аяғында қаралуға келеді екен. Бұл өте дұрыс мәселе деп санаймын. Оның аза­мат­тарымыздың тыныштығын сақтау жолында барынша жетілген, тиімді болуы үшін өз тарапымнан да үлесімді қосуға дайынмын, деді Абай Тасболатов.

Парламент депутаттарының ішіндегі ақсақалдарының бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов та Елбасының сөздері туралы өзінің ақжарма пікірін ортаға салды. Президент дүниежүзілік қоғамдастықта, соның ішінде біздің елімізде болып жатқан жағ­дайларды ескере отырып, халқымыздың әлеуметтік жағдайын төмендетпеу шараларына айрықша мән берді. Қабылданатын заңдардың бәрі де халықтың мүддесіне, әл-ауқатын жақсартуға қызмет етуі керек­тігін атап өтті. Сонымен қатар, ол қабыл­данатын заңдар алдымен халық арасында талқылануы керектігін айтты. Соның ішінде «Жер туралы» Заңның қоғамдағы әртүрлі пікірлерді ескермей қабылданғандығын мысалға ала отырып, мұндайдың алдағы уақытта орын алмауын ескертті. Сөйтіп, заң қабылдау ісінде мейлінше ашықтық, талқылау үдерістері барынша мөлдір болады. Заң жобалары мүдделі топтар, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерінің қатысуымен талқыланбақ. Қабылданатын заңдардың қажеттілігі халыққа жеткізіліп, кеңінен таныстырылып отыруы керек. Міне, осындай мәселелерге Елбасы өзінің сөзінде ерекше екпін түсіріп айтты, деді депутат.

Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов те Ел­ба­сы өзінің сөзінде қауіп­сіздікті сақтау мәсе­лелеріне ерек­ше назар аударғанына тәнті болғандығын жеткізді.

Президент жаһандық қауіптер – терроризм мен діни экстремизм сияқты нәубет­тердің алдын алуға бағытталған заңнамалық актілерге өзгерістер мен толық­тырулар енгізілетін заң қабыл­данатынын атап өтті. Біз жазғы демалыс күндерінде Ақтөбе, Атырау облыстарының халқымен кездестік. Сонда олардың бәрі де бірауыздан елдегі тыныштықтың қамтамасыз етілуін талап етті. Елде тыныштық пен татулық бол­маса, алдымызға қойып отырған мақ­сат­тарымызға, ұлы мұраттарымызға қол жеткізу мүмкін емес. Президент Н.На­зар­баев Парламент сессиясын ашқаннан кейін депутаттармен бейресми жағдайда кездескен еді, сол жерде мен оған аталмыш заңды халық күтіп отырғанын жеткі­зіп, алға қойылған міндеттерді олар қызу қолдайтынын білдірдім. Сонымен қатар, Президент үшжылдық бюджеттің қабыл­дана­тынын айтты. Осы жерде Елбасы эконо­микалық қиындықтарға қарамастан, бюджетті қабылдау барысында барлық әлеуметтік кепілдіктер толық сақталуы қажет­тігін талап етті. Бұл да өте өзекті мәселе, деді сенатор.

Сөйтіп, жаңа сессия өзінің жұмысын бастап кетті. Елбасы Нұрсұлтан Назар­бае­в­тың елдегі ең өзекті мәселелердің заңна­малық шешімін міндеттеген сөздері депутаттардың да ойынан шығып, олардың құлшынысын арттырғаны көрініп тұрды.

Жақсыбай САМРАТ,

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»