15 мам, 2020 сағат 13:33

Қазақстандықтардың 73 пайызы отбасын өмірдің мәні санайды - зерттеу

15 мамыр - Халықаралық Отбасы күні. Осыған байланысты Қазақстандық қоғамдық даму институты «Рухани жаңғыру» отбасы институтын зерттеу орталығы 2020 жылдың ақпан-наурыз айларында жүргізілген зерттеу деректерін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сіз үшін отбасы нені білдіреді?» деген сұраққа, сұралған қазақстандықтардың жалпы санының 73,1% отбасын өмірдің мәні ретінде санайтынын жауап берді. Сондай-ақ танымал жауаптар: 39% – «әулеттің ертеңі», 29% – «бақыт пен махаббат», 16,9% – «жауапкершілік пен міндеттемелер», 7,9% – «қоғамның негізі» және 1,6% – «жалғыздықтан құтқару» деп жауап берді.

Бұл ретте гендерлік пікір тұрғысы былай құрылған: әйелдердің 75,1% және ерлердің 51,3% отбасын әулеттің ертеңі деп санайды. 

«Ата-аналардың 69,3% «көпбалалы болғыңыз келді ме?» деген сұраққа, «Ия, мен әрқашан көпбалалы болғым келді» деп жауап берді. Сұралған мыңдаған респонденттердің 65,2% төрт баланы тәрбиелеуде, 34,8% – бес және одан да көп баланы тәрбиелеуде», - деп атап өтті отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшісі Жұлдыз Батталова.

Сауалнама мәліметтері бойынша, отбасылық жұптардың көпшілігі (78,9%)өздерінің отбасылық қарым-қатынасын «өте жақсы, біз бір-бірімізді сүйеміз және құрметтейміз» деп бағалады.

Зерттеу сондай-ақ, көптеген адамдардың пікірінше, отбасылық қатынастарды нығайтатын маңызды сапа махаббаттан гөрі құрмет екенін көрсетті. Сұралғандардың 68,2% осылай санайды. Сондай-ақ, отбасылық респонденттер арасында 90,2%-ы өміріне риза екендігін атап өтті, бұл ретте ажырасқан адамдардың арасында өміріне ризалар - 73,9% . 

«70,4% балаларды тәрбиелеуде күш қолдануға теріс қарайды, бұл орынды емес және дұрыс емес деп санайды. Қазақстандық ата-аналар өзара түсіністік, құрмет, махаббат сияқты эмоционалдық факторларға көңіл бөледі», - дейді Жұлдыз Батталова.

Айта кету керек, бұл зерттеу Қазақстанда алғаш рет өткізілді. Зерттеу қорытындысы бойынша осы мәселеге мүдделі мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдар үшін ұсынымдар әзірленеді.