20 қаз, 2020 сағат 12:02

Қазақстандықтардың 25 пайызы PIAAC нәтижесінде сауаттылықтың жоғары деңгейін көрсетті

Қазақстан халқының 25 пайызы PIAAC нәтижесінде сауаттылықтың жоғары деңгейін көрсетті. Бұл туралы «Ақпараттық-сараптамалық орталық» АҚ президенті Ерлан Шуланов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«16 мен 65 жас аралығында ересек халықтың дағдысын бағалауға назар аудартқым келеді. PIAAC зерттеуі 2018 жылы жүргізілді. Жалпы нәтиже мынадай: Қазақстан халқы табысы ұқсас 39 елдің ішінде үздік нәтиже көрсетті. Бұл Дүниежүзілік банктің дамушы елдер жіктемесі бойынша. Бұл ретте көптеген позицияда біз Еуропа ынтымақтастық және даму ұйымының (ЕЫДҰ) жетекші елдерінен қалып келеміз. Өлшем ел тарихында алғаш рет өткізіліп отыр. Зерттеу аясында алынған мәліметтердің баламасы жоқ. Өйткені, өте көп елдермен салыстырулар бар. Зерттеу оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық және жоғары технологиялық ортада тапсырмаларды шешу дағдылары бойынша жүргізілді. Қазақстанның барлық өңірінен түрлі жастағы 6 мың адам қатысты. Зерттеу тест тапсырмаларын электронды және қағаз форматта толтыру арқылы жүргізілді», - деді Ерлан Шуланов Білім және ғылым министрлігінің аппараттық кеңесі барысында. 

Оның дерегінше, оқу сауаттылығы бойынша қазақстандықтардың көрсеткіші Түркия мен Мексикадан асып түсіп, Италия мен Испания сынды елдердің деңгейімен шамалас болған. Ал математикалық сауаттылықтан ЕЫДҰ-ның орташа көрсеткішінен артта қалу байқалады. Дегенмен, Қазақстан 247 балмен 31-орында тұр. Бұл Мексика, Испания, Түркия, Италия елдерінің көрсеткішінен әлдеқайда жақсы және Израиль деңгейімен шамалас.

«Жоғары технологиялық ортада тапсырмаларды шешу дағдысы бойынша Қазақстанның көрсеткіші ЕЫДҰ-ның орташа деңгейінен артта қалып отыр. Бұл ретте біз Түркия мен Мексиканы басып озып, Шығыс Еуропаның бірқатар елдері деңгейіндегі дағдыны көрсетіп отырмыз. Көрсеткіш жаман емес болғанымен саралайтын жайттар да бар. Тыңғылық сараптау барысында халықтың 50 пайызы оқу сауаты бойынша орташа деңгей, 25 пайызы жоғары деңгей көрсетті. Халықтың шамамен 25 пайызының көрсеткіші тым төмен», - деді ол.