Қазақстандықтар Qazcovid-in вакцинасын осы жылдың сәуір айының аяғында ала бастайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Qazcovid-in қазақстандық вакцинасы туралы» брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«QazCOVID-in вакцинасының клиникалық сынағының үшінші фазасы 2021 жылы 9 шілде күні аяқталады. Одан кейін 3000 еріктіден алынған мәліметтерді өңдеу бойынша үлкен жұмыс басталады. Бұл шамамен 20 күнтізбелік күнді алады. Одан кейін біз жасаған есеп толық көлемде ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жеткізіледі», - деді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья.
Оның айтуынша, ресейлік «Спутник V» вакцинасы зерттеудің екінші фазасынан кейін қолданысқа енгізілді.
«Әлемдегі барлық ел үшінші фазаның аяқталуын күтпестен вакцина егуді қолға алып жатыр. Ресей өздері шығарған вакцинаның үшінші фазасына қатысты көп зерттеу жұмысын жүргізді. Бізде де осындай жағдай болып жатыр. Сынаққа қатысқан 3 000 адамның 1500-іне зерттеу жұмысы жүргізіліп, осы мәліметтер негізінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұрын барып көрмеген қадамға баруға дайын. Яғни, сәуір айынан бастап қазақстандық вакцинаны еге бастайды, себебі оның пайдасы жоғары. Сынақ жұмыстарының бірінші фазасынан кейін бұл вакцинаны 44 ерікті, екінші фазасынан кейін 2000 ерікті қабылдады. Енді бұл вакцинаны медициналық тұрғыда бәріне егу үшін үшінші фазада 1500-ден кем емес ерікті сынақтан өтуі керек. Сонда ғана бұл факцина қауіпсіз әрі тиімді деп айта аламыз», - деп атап өтті ҚР ДСМ МФБК «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Бас директоры – Басқарма Төрағасы Еркен Даутбаев.
Яғни, Қазақстан да, Ресей де бір жолмен жүріп келеді.
«Бірінші, екінші фазада вакцина уақытша тіркеледі. Сонымен қатар клиникалық сынақтың үшінші фазасы жүріп отырады және вакцина өндіріле бастайды. Қазақстанда да дәл осы жағдай. Бірінші, екінші фазадан өттік және вакцинаны уақытша тіркедік. Вакцинаны өндіруге рұқсат алдық және өндіре бастадық. Сонымен қатар, клиникалық сынақтың үшінші фазасын бастадық. Ескере кететін бір жайт, Қазақстанда коронавирус штамы Ресеймен салыстырғанда үш айдан кейін пайда болды, сол себепті Ресей бұл процесс бойынша біздің алдымызда келе жатыр. Біздің елде коронавируспен ауырғандар 2020 жылы наурыз айының ортасында пайда болды. Басқа өлшемдер бойынша Ресеймен қатар келе жатырмыз. Қазақстандықтар Qazcovid-in вакцинасын осы жылдың сәуір айының аяғында ала бастайды», - дейді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья.