09 қыр, 2019 сағат 08:15

Қазақстандықтар кредит аларда ең көп таңдайтын мерзім анықталды

Қазақстандағы ең ірі банктердің кепілсіз тұтынушылық несиелеріне талдау жасалды. Бұл туралы ҚазАқпарат Ranking.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Тамыз айындағы көрсеткіштерге сенсек, банктер тарапынан ел экономикасына 13,05 трлн теңге несие салынған. Әсіресе, бөлшек несиенің үлесі артқан. Бір жылдың ішінде жеке азаматтардың несие рәсімдеуі 21,7 пайызға өсіп, 6,01 трлн теңге болған. Оның 3,8  трлн. теңгесін қарапайым тұтынушылық несиелер құрайды. Бұл жалпы несие нарығының 29,1 пайызына тең.

«Кепілсіз тұтынушылық несиелерді елдегі 19 екінші деңгейлі банк беріп отыр. Солардың арасында 9 банк несиені еңбекақыға байламай, өзге де талаптарсыз беруге дайын. Оның ішінде несиенің жылдық  ең тиімді мөлшерлемесі 17,2 пайыз болып тіркелген. Мұндай қарыздың ең үлкен сомасы - 7 млн теңге. АТФБанк, ForteBank және Банк ЦентрКредит осынша соманы кепілсіз беруге дайын. Ол соманы 84 айда бөліп төлеуге болады. Ал  Jýsan Bank, Bank RBK және Сбербанк 6 млн теңгеден кепілсіз несие беруде. Олар бұл соманы 60 айға бөліп төлеуді ұсынып отыр. Несие нарығында ең көп танымал шарт та осы 60 айлық мерзім болып тұр», - деп жазады Ranking.kz.