Қазақстандықтар қатерлі ісік бойынша тексеруден қалай өте алады? Тілшілердің бұл сұрағына Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Скринингтің бұйрықпен бекітілген тегін үш түрі бар. Жалпы, күдік-күмән туған жағдайдағы тегін қызметтің спектрін көбейттік. Яғни, осы жылдан бастап, компьютерлік томография – МРТ-ны енгіздік. Бұрын ол ақылы еді. Биылдан – қыркүйектен бастап қаржыландыруды арттырып, обырға қатысты күдік-күмән туған жағдайда тегін тексерістен өтуге болады. Алайда сүт безі қатерлі ісігі, колоректальды ісік, жатыр мойны ісігін анықтап беретін скринингтің нақтылығы дәлелденген үш түрі бар», - деді Елжан Біртанов елордада өтіп жатқан Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінде тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Әйтсе де, министр бәрі тегін болуы керек деген пікірді құптамайтынын білдірді.
«Егер мәселе сіздің өміріңізге, денсаулығыңызға, отбасыңызға тіреліп тұрса, онда, скринингтен ақылы түрде өтуден бас тартпау керек. Қазіргі таңда технология бұған мүмкіндік беріп отыр. Уақыт өте келе жаңа технологиялар енгізіледі. Мәселен, алдағы уақытта нарыққа еніп келе жатқан молекулярлы-генетикалық зерттеуді алайық. Сарапшылардың айтуынша, жақын арада адамдар өз бойындағы тұқым қуалайтын дерттерді көре алатындай жағдайға жетеді. Бұл зерттеулер әзірге қымбат. Бірақ, менің ойымша, Қазақстанда алдағы 3-5 жылда ол технологиялар қолжетімді болады. Әзірге, мен қазақстандықтарға өз денсаулығын ойлауды ұсынамын. Өйткені, бұл ең алдымен сіздің отбасыңыздың амандығы. Мемлекет әрдайым тегін медициналық көмектің көлемін арттыруға тырысатыны анық. Мәселен, медициналық сақтандыру аясында алдағы 3-4 жылда тегін медициналық көмектің көлемін екі есе арттырамыз», - деді ол.
Министрдің айтуынша, алдағы жылдары Қазақстанда обырмен күреске қаражат бұрынғыдан көбірек бөлінеді.
«Алайда әр адам денсаулығы тек өзіне керек екенін ұғуы тиіс. Кез келген кісі өз денсаулығын ойлауы тиіс. Ғылым көп нәрсені дәлелдеді. Қазір ақпараттардың көбі қолжетімді. Деніңіздің саулығын сақтау айналып келгенде үлкен күш жұмсауды қажет етпейді», - деп түйді министр.
Еске сала кетсек, елордада Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммиті өтіп жатыр. Форумға Халықаралық обырға қарсы одақ (UICC) президенті, жоғары мәртебелі ханшайым Дина Майред қатысуда.