«Qazaqstan» телеарнасы Димаш Құдайбергеннің «ARNAU» атты жеке концертінің телевизиялық нұсқасы 17 желтоқсан күні көрсетілетінін мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Айта кетейік, Д.Құдайберген «Қазақстан» РТРК» АҚ ұйымдастыруымен маусым айында Нұр-Сұлтан қаласындағы концертінде «ARNAU» бағдарламасын ұсынған болатын.
Кейін, 10 желтоқсан күні Американың Ньюй-Йорк қаласында өткен кешінде аталмыш бағдарламаның жаңартылған нұсқасы - «Arnau tour ENVOY»-мен өнер көрсетті.
«Әлем тыңдармандары бұл кеште жаңа бағдарламамен қатар, «ARNAU» бағдарламасының үздік нөмірлерін көретін болады. Концерттің телевизиялық нұсқасының көрсетілім уақыты қосымша жарияланады», - деп мәлім еткен болатын «Qazaqstan» телеарнасы.
Бүгін телеарнаның Instagram-дағы парақшасында Димаштың концерті 17 желтоқсан күні сағат 19:00-де көрсетілетіні жария етілді.
Бұған дейін қазақстандық әнші өз жанкүйерлеріне алғыс айтқан болатын.
«Рахмет, Америка. Рахмет, Нью-Йорк. Ризамын сендерге, dears. Мен сендерді шексіз жақсы көремін. Қарапайым ғана еңбегіме әрдайым қолдау көрсетіп, көкке көтергендерің үшін алғысым шексіз. Видео кейінірек болады. Ал менің Америкадағы «Арнау» атты концертімнің толық ТВ нұсқасы жақында жарыққа шығады», - деп жазған еді ол Instagram-да.
Еске сала кетсек, Димаш Құдайбергеннің Нью-Йорктегі концерті үлкен аншлагпен өтті. Оған әлемнің 60 елінен жанкүйерлер жиналды.
Концерт Қазақстанның АҚШ-тағы мәдениет күндері аясында және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.